ҚазҰУ Қытай компаниясымен медицина саласын дамытадыFarabi University

ҚазҰУ Қытай компаниясымен медицина саласын дамытады

4 наурыз, 2025

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің Басқарма Төрағасы – Ректор Жансейіт Түймебаев Қытайдың BGI Group геномдық компаниясының ТМД аумағы бойынша бас директоры Чэн Джунмен кездесу өткізді.

Жүздесуде оқу ордасының басшысы құрметті қонаққа ҚазҰУ мен Қытай жоғары оқу орындары арасындағы  байланыс туралы ақпарат берді.

«Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті Қытай жоғары оқу орындары және ғылыми институттарымен ынтымақтастықты арттыруға баса мән береді. Білім ордасының базасында Қытайдың Солтүстік-батыс политехникалық университетінің филиалы жұмыс істейді. Сонымен қатар бірлескен ғылыми орталықтар, зертханалар ашылып, зерттеу жұмыстарын жүргізуде. ҚазҰУ-да 16 факультет бар. Осы тұрғыда BGI Group компаниясымен түрлі сала бойынша серіктестікті дамытуға дайынбыз», – деді Жансейіт Түймебаев.

 Өз кезегінде Чэн Джун BGI Group компаниясы ҚазҰУ-мен әріптестік байланыс орнатуға әрқашан дайын екенін жеткізді.

«BGI Group компаниясында денсаулық, ауыл шаруашылығы бойынша ғылыми-зерттеу жұмыстары жүргізіледі. Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-да медицина факультеті бар. Біз медицина саласында университетпен тереңдетілген ынтымақтастық орнатуға мүдделіміз. Студенттерді біздің компанияға академиялық ұтқырлық бағдарламасы бойынша жіберіп, тағылымдамадан өткізуге мол мүмкіндік бар. Біз үшін ғылыми байланысты күшейту маңызды», – деді Чэн Джун.

Келіссөз барысында тараптар алдағы уақытта серіктестік орнату мақсатында өзара түсіністік туралы меморандум жасасуға уағдаласты.

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі