ҚазҰУ топ-менеджерлері Ұлыбританияда тәлім алды
Ұлыбританияның академиялық қауымының өкілдері Қазақстан Республикасының жоғары білімі мен ғылым жүйесіндегі реформаларға жақсы баға беріп, Астанадағы сапалы білім берудің әлемдік үлгісіне сай келетін Жаңа университеттің ашылуының маңыздылығын атап өтті. Бұл туралы Ұлыбританияның жетекші ЖОО-да болып қайтқан әл-Фараби атындағы ҚазҰУ делегациясы хабарлайды.
2010 жылдың 7-12 ақпан аралығында әл-Фараби атындағы ҚазҰУ делегациясы университеттің басқарушы менеджерлерінің біліктілігін арттыруға арналған семинарға қатысу үшін Лондон Университеттік колледжіне (UCL, Ұлыбритания) аяқ тіреді.
Ұлыбританияға сапар барысында делегация Білім және инновация министрінің орынбасары Кэрол Свини ханыммен, UCL президенті Малколм Грантпен, Британ кеңесі мен Британ Зерттеу Кеңесінің жетекшілерімен кездесті. Екі жақ ынтымақтастықтың кең ауқымды сұрақтарын талдады. Алайда екіара өкілдердің баса назар аударған мәселелері қазақстандық және ағылшындық оқу бағдарламасының сәйкестіктері, профессорлық-оқытушылар құрамы мен студенттердің жинақылығы, әлемнің жетекші аккредитациялық агенттіктерінде отандық оқу бағдарламаларының халықаралық акредитациядан өтуі жөнінде болды.
Кэрол Свинни ханым ҚазҰУ-дың Ұлыбританияның жетекші ЖОО-мен әріптестік қарым-қатынас орнатудағы бастамаларына қолдау білдіре отырып, былай деді: «Қазақ ұлттық университеті үшін біздің университеттердің есігі әрқашан ашық, себебі сіздердің көшбасшыларыңыз Президент Н.Ә.Назарбаев пен жалпы Қазақстанның әлемдік аренадағы айқын беделі бізге мәлім».
Кездесу соңында тараптар әріптестік туралы келісімге қол қойып, екі жақты студенттер алмасуда, ҚазҰУ-да ағылшындық профессорлардың шеберлік сыныптарын ұйымдастыруда, оқу бағдарламаларын халықаралық аккредитациялауда өзара келісімге қол жеткізді.
Айта кетсек, Лондон Университеттік колледжі (UCL) - Біріккен Әмірліктің жетекші университеті, оның «Таймс» рейтингтегі статусы көптеген онжылдықтардан бері Ұлыбританияның ең үздік ЖОО-ның тізімінде бесінші орыннан түскен емес. UCL беделді «G5» - Ұлыбританияның ең беделді университеттерінің шағын тобының мүшесі, ал Оксфорд пен Кембридж университеттерінің тобында «Алтын үшбұрышты» құрайды.
Сондай-ақ, осы күндері әл-Фараби атындағы ҚазҰУ ректоры Бақытжан Жұмағұлов Миддлсек және Кембридж университеттерінде болып, осы әлемнің атақты университеттерінің басшылығымен жүздесті. Мысалы, Кембридж университетінің түлектерінің ішінде 61 Нобель сыйлығының лауреаты бар. Сол себепті ол осы көрсеткіш бойынша әлемнің ЖОО-ның арасында алғашқы орынға ие. Кездесуде оқу процесін ұйымдастыру, ағылшындық ЖОО-дағы кредиттік технологиямен оқытуды жүзеге асыру, сонымен бірге бірлескен ғылыми жобаларды құру мәселелері қаралды.
ҚазҰУ басшылығы бұл сапардың басты қорытындысы ретінде Қазақстанның жетекші оқу орны мен Ұлыбританияның ірі университеттерінің әкімшілігі арасында орнаған нақты іскерлік байланысты, сондай-ақ өзара ғылыми-ағартушылық әріптестік аясында тәжірибе алмасуды атап отыр. Сонымен қатар, ҚазҰУ ректорының пікірі бойынша, жинақталған тәжірибе мен жаңа білім әлемдік қауымдастыққа ену жолындағы ең маңызды тапсырмаларды жүзеге асыруды мақсат еткен еліміздің ірі университетінің басқару қызметіне тиімді әсерін тигізуі керек.
ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі