Басты міндет – 100 нақты қадамды жүзеге асыру
Басты міндет – 100 нақты қадамды жүзеге асыру
ҚазҰУ ұжымы кезекті ректорат отырысын ҚР Президенті – Ұлт көшбасшысы Н.Ә. Назарбаевтың «Ұлт жоспары – қазақстандық арманға бастайтын жол» бағдарламалық мақаласының негізгі бағыттарын жүзеге асыру жолындағы университет міндеттерін айқындауға арнады. Бұл туралы алдымен университеттің әлеуметтік даму жөніндегі проректоры Шолпан Ерболқызы Жаманбалаева хабарлама жасады.
Мемлекеттік дамудың жаңа қазақстандық жолын айқындап берген Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың 5 институттық реформа бойынша «100 нақты қадамы» ел өміріндегі елеулі оқиға болғаны белгілі. 2016 жылдың 1 қаңтарынан бастап осы бес бағыттағы Ұлт жоспарын орындаудың практикалық кезеңі басталды. Елбасы мақаласында айтылғандай, «мемлекетті, экономика мен қоғамды дамыту үшін қағидатты жаңа құқықтық орта қалыптастыратын 59 заң күшіне енді. Бізге тарихымыздағы бұрын-соңды болмаған ауқымдағы ұлттық заңнамаға өзгерістерді бағамдау маңызды. Оның үстіне, олар біздің қазақстандық арманымыз – ХХІ ғасырда көшбасшы отыз ұлттың бірі болуға қол жеткізуімізге жол ашады». Өз сөзін осылай Ұлт жоспарының маңызы мен міндеттерінен бастаған Шолпан Ерболқызы әр реформаға кеңінен тоқталды. «ҚазҰУ бүгінгі таңда бес реформа аясында өзіндік жол картасын жасады және оларды жүзеге асырудың маңыздылығын әрқайсымыз жете түсінеміз», – дей келе проректор алғашқы реформаның «Мемлекеттік қызмет туралы» жаңа Заң негізінде мемлекеттік аппараттың тиімділігін арттыруға бағытталғанын айтты. «Қазақстан барлық посткеңестік елдердің ішінде алғаш болып мемлекеттік қызметшілердің жаңа кадрлық корпусын конкурс және меритократия қағидаттары арқылы қалыптастыруға кірісті», – деді ол. Елбасы өз мақаласында мемлекеттік қызмет реформасының алғашқы заңнамалық акт – Президенттің «Қазақстан Республикасындағы мемлекеттік қызмет туралы» заң күші бар Жарлығы қабылдануының 20 жылдығы тұсында жүзеге асырыла бастауының нышандық мәні бар екендігін айтқан болатын. Сонымен қатар Елбасы 1995 жылдың желтоқсанында бұл құжат тек Қазақстан үшін ғана емес, сондай-ақ, бүкіл ТМД кеңістігі үшін инновация болғанын атап өтті.
Президент Жарлығымен Мемлекеттік қызмет істері жөніндегі министрлік, оның құрылымында – Жемқорлыққа қарсы іс-қимылдың ұлттық бюросы құрылды. Осылайша, тек мемлекеттік қызмет жүйесі ғана емес, сондай-ақ, жемқорлыққа қарсы іс-қимыл танытатын, яғни жемқорлық көріністерінің барынша алдын алуға бағдарланған жүйе де жаңғыртылып отыр. «Қазіргі таңда мемлекеттік қызметті дамытудың жаңа кезеңіне қарай отырып, біз әкімшілік мемлекеттік қызметшінің мансабы оның біліктілігі және жинақтаған тәжірибесіне, оған еңбекақы төлеудің жаңа жүйесі оның біліктілігі мен атқаратын жұмысының сипатына, көлемі мен нәтижесіне байланысты екенін көреміз. Сондай-ақ мемлекеттік қызметшілердің жұмыс пен тұрмыстағы жүріс-тұрысының қалыптары регламенттелген Мемлекеттік қызметшілердің жаңа этикалық кодексі жасалды. Жаңа институт – этика бойынша елімізде өкілетті өкілдер институтын құру көзделіп отыр. Мақалада институттың азаматтар мен мемлекеттік қызметшілерге кеңес беріп, олардың құқықтарын қорғауды қамтамасыз ететіні айтылды», – дей келе Шолпан Ерболқызы аталған механизмдердің университеттегі көріністеріне тоқталды. «Бірнеше жыл бұрын Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ қызметкерлері мен оқытушыларының ұжымдық мәдениет кодексі және Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ студентінің ар-намыс кодексі қабылданды. Бұл – ҚазҰУ қызметкерлері, оқытушылары мен студенттеріне арналған ережелер. Біз әр факультетте этика бойынша комиссия құрдық, олар бүгінгі таңда толыққанды жұмыс атқаруда. Біз «Университет жемқорлықтан таза» жобасын жүзеге асыруға кірісіп кеттік. Сондықтан ендігі біздің мақсатымыз – осы механизмдерді жетілдіру, жүзеге асыра беру, олардың біздің өмірімізге толыққанды енуін қамтамасыз ету», – деді проректор. Сонымен қатар ол унверситеттің нәтижеге бағытталған басқаруға өткенін, оқу орнының бәсекеге қабілеттілігін арттыруға мүмкіндік беретін индикативті жоспар қабылданғанын тілге тиек етті. Бұл жерден түйетініміз – университет бәсекеге қабілетті болу үшін әрбір оқытушы өз біліктілігін арттырумен қатар, индикативті жоспардың барлық талаптарын орындауы қажет.
Сондай-ақ Шолпан Жаманбалаева құқық тәртібі және заңдылық, индустрияландыру мен экономикалық өсім, қазақстандық біртұтастық пен бірлікті нығайту, транспарентті және есеп беретін мемлекет қалыптастыру бойынша реформаларға шолу жасап, оларды жүзеге асыру жөніндегі ұсыныстарымен бөлісті. «Алда тұрған басты тапсырма – 100 нақты қадамды орындау. Ал біздің нақты жұмысымыз, мақсатымыз университеттің индикативті жоспарына топтастырылған. Сондықтан оны орындау – әрбір оқытушының міндеті», – деді тақырыпты қорытқан ҚазҰУ ректоры Ғалым Мұтанов.
Сондай-ақ мәжіліс барысында биылғы оқу жылының алғашқы жарты жылдығындағы университеттің ииндикативтік жоспарының орындалуы туралы бірінші проректор Мұхамбетқали Бүркітбаевтың және өзге де оқу жұмысы, ғылыми-инновациялық қызмет, экономикалық және өндірістік мәселелер жөніндегі проректорлардың Н.Ә.Назарбаевтың «Ұлт жоспары – қазақстандық арманға бастайтын жол» бағдарламалық мақаласы аясындағы міндеттер туралы хабарламалары тыңдалып, оқытушы-профессорлық құрам өз ойларын ортаға салды.
Өз тілшімізден