
Филология факультетінің Қазақ әдебиеті және әдебиет теориясы кафедрасы «Әдебиеттану» мамандығының 2-курс магистранттары Еуразия гуманитарлық институты жанындағы А.Құсайынов атындағы ғылыми-зерттеу орталығында ғылыми тағылымдамадан өтті. Магистранттар осы уақыт аралығында аталған ғылыми-зерттеу орталығының ұйымдастыруымен белгілі ғалымдардың дәрістерін тыңдап, түрлі шараға қатысы.
Тағылымдаманың алғашқы күні А.Құсайынов атындағы ғылыми-зерттеу орталығының жетекшісі, ф.ғ.к., доцент Лаура Дәуренбекова «Академиялық жазылым» және «ҚР БҒМ БҒССКК ұсынған басылымдарға мақала жариялауда ескеретін кейбір мәселелер» тақырыбында семинар өткізді. Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің профессоры Жанат Әскербекқызының «Әдебиеттану бойынша зерттеу жұмысын жүргізу», Н.Назарбаев университетінің профессоры Ермек Адаеваның «Академиялық сауаттылықтың теориялық негіздері», Ш.Шаяхметов атындағы ғылыми-зерттеу орталығының ғылыми қызметкері, ф.ғ.к. Гүлшат Түсіпованың «Болашақ» бағдарламасының тәжірибесі негізінде «Академиялық мәтін жазу шеберханасы – мақала бөлімдерінің мақсатын түсіну», PhD, доцент Мөлдір Аманқазықызының «Жоғары оқу орнында ғылыми жоба дайындау және жүзеге асыру жолдары» тақырыптарында оқыған дәрістерінен бүгінгі ғылымның даму сатысы, шетелдегі ғылым дамуымен салыстыра қарағанда біздегі зерттеу жұмысының бағыт-бағдары, ғылыми мақаланың құрылымы туралы тың мағлұматтар алды. Сондай-ақ ҚР ҰҒА академигі Шерубай Құрманбайұлы мен түркітанушы, философия докторы (PhD) Марлен Ерланұлының «Абай және Шәкәрім тіліндегі көнерген сөздердің тарихи-салыстырмалы сөздігі» кітабының тұсаукесеріне қатысып, Ш.Құрманбайұлының дәрісін тыңдады. Аталған шарада қос ақын шығармаларында кездесетін көнерген, өзге тілден енген сөздердің түп-төркіні, мән-мағынасы жан-жақты талқыланды. Тағылымдама барысында магистранттар АЛЖИР мемориалдық музей кешеніне, ҚР Ұлттық музейіне барып, тарих беттеріне тағы бір рет шолу жасады. Елдің басынан өткен зардап пен қайғыға толы нәубет жылдарға қатысты деректер, түпнұсқа жәдігерлер санада сақталған көп ақпаратты айшықтай түскендей болды.
Ғылым-білім, тарих, әдебиет, өнер, мәдениет салалары тұтас қамтылған ғылыми тағылымдама барысында магистранттардың алғаны көп. Білгендерін толықтырумен қатар, өз мамандықтары бойынша ғылым саласындағы тың жаңалықтарға қаныққаны анық. Екі аптаға созылған тәлімге толы тағылымдама соңында А.Құсайынов атындағы ЕАГИ ғылым және халықаралық ынтымақтастық жөніндегі проректоры, т.ғ.д., профессор Қ.Ахметов жас ғалымдарға сәттілік тілеп, арнайы сертификат табыстады. Жоғары деңгейде ұйымдастырылған бұл шараның нәтижесінде әр магистрант өз болашағына қатысты ой түйіп, бағытын айқындап, көңілдегі биік мақсатқа бір табан жақындай түсті.
Ләйлә НОҒАЙБЕКҚЫЗЫ,
«Әдебиеттану» мамандығының
2-курс магистранты
Басқа жаңалықтар

