ТДМ – 4: «Ұлттар достығына 30 жыл» атты мәдени іс-шара өтті

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде Қазақстан халқы Ассамблеясының 30 жылдығына орай «Ұлттар достығына 30 жыл» атты мәдени іс-шара жоғары деңгейде өтті. Бұл мерекелік жиын еліміздегі халықтар бірлігін нығайтуға, түрлі этнос өкілдерінің мәдениеті мен ғылымға қосқан үлесін дәріптеуге арналды.
Бұл мәдени іс-шараны университетіміздің Ректоры Жансейіт Қансейітұлы Түймебаев ашып, құттықтау сөз сөйледі. Ол өз сөзінде Қазақстан халқының бірлігі мен достығы – еліміздің тұрақтылығы мен дамуының кепілі екенін атап өтті. Сонымен қатар оқу ордамызда этносаралық келісім мен қоғамдық тұрақтылықты нығайтуға, сондай-ақ білім беру мен ғылымды дамытуға, жас ұрпақты тәрбиелеуге үлес қосып, жемісті еңбек етіп жүрген өзге ұлт өкілді оқытушы-профессорларды «FARABI» алтын медалімен, ҚазҰУ «Ерен еңбегі» медалімен, Құрмет грамотасымен, Алғыс хатпен және Қазақстан халқы Ассамблеясының Алғыс төсбелгісімен, Алғыс хатымен марапаттап, оларға құрмет көрсетті.
Университетімізде көп жылдан бері қызмет етіп, білім беріп келе жатқан филология ғылымдарының докторы, профессор Екшембеева Людмила Владимировна, химия ғылымдарының докторы, профессор Мун Григорий Алексеевич, PhD, аға оқытушы Скрипникова Анастасия Ивановна, PhD, аға оқытушы Ниномия Такаши және филология ғылымдарының кандидаты, доцент Мамедова Фатима Зильпикаровна университетке, қазақ еліне алғыстарын білдіріп, қазақ тілінде баяндама жасады
Олар Қазақстанның білім мен ғылым саласындағы жетістіктерін ерекше атап өтіп, университетіміздің көпұлтты әрі достыққа негізделген ортасы жастардың сапалы білім алуына зор мүмкіндік беретінін айтты.
Іс-шара барысында Ұлт-аспаптар ансамблі «Бірлігіміз жарасқан!» шығармасын орындап, көрермендерге ерекше көңіл-күй сыйлады. Сондай-ақ, қазақ, орыс, ұйғыр, қырғыз, түрік және өзбек тілдерінде поппури әндер шырқалып, Қазақстандағы этностардың ынтымақтастығын айшықтады.
Іс-шара «Мен сені сүйемін, Қазақстан!» әнімен қорытындыланды.
Бұл мәдени жиын Қазақстан халқының ынтымағы мен достығының белгісі ғана емес, университет қабырғасында білім алып жатқан көпұлтты жастардың бірлігін нығайтуға ықпал етті. Университетімізде алдағы уақытта да этносаралық татулық пен мәдени әртүрлілікті насихаттауға бағытталған іс-шараларды жалғастыра береді.
Басқа жаңалықтар
