
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің ер-азаматтары ұжымдағы қыз-келіншектерді 8 Наурыз – Халықаралық әйелдер күнімен құттықтап, қызықты концерттік бағдарлама ұсынды.
Әйелдер қауымына арналған мерекелік іс-шара ҚазҰУ-да жаңадан ашылған Farabi HUB инновациялық өнімдер мен жоғары технологиялық жобалар орталығында ұйымдастырылды.
Мерекені Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Басқарма Төрағасы – Ректор Жансейіт Түймебаев құттықтау сөзбен ашып, оқытушы ханымдардың, қызметкер азаматшалардың және білім алушы қыздардың ел дамуындағы елеулі орнын атап өтті.
«Бүгінде әйелдер өндірісте, спортта, ғылымда, денсаулық сақтау және көптеген тағы басқа салаларда еңбек етіп, өскелең ұрпақты отансүйгіштік пен еңбекке деген құрмет рухында тәрбиелеп отыр.
Биыл Элеонора Сүлейменова, Ғалия Жүсіпова, Шолпан Асқарова, Гүлсім Сүлейменова сынды университетіміздің бірқатар көрнекті әйел-ғалымдары өздерінің 80 жасқа толған мерейтойларын атап өтуде. Ғылыми-педагогикалық еңбек жолын қара шаңырақ ҚазҰУ-мен байланыстырған әйел-ғалымдарымыз үлкен мектеп қалыптастырып, ізбасар шәкірттерін тәрбиелеп келеді.
ҚазҰУ қызметкерлерінің 68,42 пайызы (3522) – әйелдер қауымы. Осының 36,3 пайызы (1279), яғни тең жартысы ғылыммен айналысады.
Әйелдер қауымы – жылылық, сүйіспеншілік пен әлемдегі үйлесімділіктің қайнар көзі. Әр күндеріңіз қуанышқа, шаттық пен жақсылыққа толы болсын!» – деп ізгі тілегін білдірді ректор.
Сөз соңында ҚазҰУ ректоры Жансейіт Түймебаев университет дамуы мен ғылым саласына сіңірген елеулі еңбегі үшін әйел-оқытушыларды, әйел-ғалымдарды, қызметкер азаматшаларды Құрмет грамотасымен және Алғыс хатпен марапаттады. Салтанатты шараға қатысқан ҚазҰУ аруларына арнайы гүл шоқтары сыйға тартылды.
Ерекше көңіл күймен өткен мерекелік іс-шара ұжымдағы ер-азаматтар дайындаған концерттік бағдарламаға ұласты.
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі
Басқа жаңалықтар

