Профессор Е.Б.Жатқанбаевтың жалпы редакциялық басқаруымен "Экономикалық теория" оқулығы жарық көрдіFarabi University

Профессор Е.Б.Жатқанбаевтың жалпы редакциялық басқаруымен "Экономикалық теория" оқулығы жарық көрді

10 наурыз, 2025

Сүйінші! Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің мерейлі 90 жылдығы мен Экономика және бизнес жоғары мектебінің 75 жылдығына орай профессор Е.Б.Жатқанбаевтың жалпы редакциялық басқаруымен Экономикалық теория оқулығы жарық көрді. Кез келген ғылым саласының өзіне тән зерттейтін өзекті мәселесі мен кілт пәні болады. Аталмыш «Экономикалық теория» оқулығы да, бүгінгі экономика ғылымының зерттейтін өзекті мәселесі мен жалпы ұғымдарын, заңдарын  ғылыми-теориялық тұрғысынан түсіндіретін бірден бір кілт пән екені анық.

 Оқулықта экономикалық теорияның зерттеу пәні Қазақстан экономикасының ерекшеліктерін ескере отырып, дәйекті және логикалық сипатта берілген. Сонымен қатар, іргелі экономикалық ұғымдармен таныстырып, қазіргі нарықтық экономиканың микро және макро деңгейдегі қызмет ету тетіктері туралы түсініктер береді. Оқулықта практикалық кейстер, қайталау сұрақтары және жаттығулар дайындалған, олардың жиынтығы оқылатын материалды түсінуге ықпал етеді. Оқулықтың ерекшелігі-жоғары білім берудегі практикаға бағдарлану қағидасын ұстана отырып, қазақстандық материалдарды кеңінен қолданылуы. Сондай-ақ, Ұлттық мазмұндағы Экономикалық теория оқулығын дайындау авторлардың алдына қойған негізгі мақсаты болғандығын білдіреді.

Қорытындылай келгенде, оқулықтың құрылымы 5 бөлімнен, 29,5 б.т. (470 бет) тұратын, Жоғары оқу орындарының студенттеріне, магистранттарына, кәсіби даярлау және экономика саласындағы мамандарды қайта даярлау жүйесінде экономикалық пәндердің оқытушыларына  ұсынылатын құнды еңбек екенін  көреміз.