Құқық саласына терең зерттеулер жүргізіледіFarabi University

Құқық саласына терең зерттеулер жүргізіледі

11 наурыз, 2025

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің Басқарма Төрағасы – Ректор Жансейіт Түймебаев Солтүстік-батыс саяси ғылымдар және құқық университетінің партия хатшысы Чжао Вандун  бастаған делегациямен кездесу өткізді.

Тараптар екіжақты серіктестікті арттыруға бағытталған келісімге қол қойды. Меморандум аясында академиялық ұтқырлық бағдарламасы іске қосылады, сондай-ақ ортақ ғылыми жобалар жүзеге асырылады. Бұдан бөлек, қос тарап құқық саласы бойынша тереңдетілген зерттеу жұмыстарын жүргізіп, тәжірибемен алмасады.

Жүздесуде Жансейіт Түймебаев ҚазҰУ мен Қытай ЖОО-лары арасындағы әріптестік байланыс күн санап артып келе жатқанына тоқталды. Өз сөзінде ректор екі университет арасында жасалған келісім  серіктестікті одан әрі нығайтуға септігін тигізетінін атап өтті.

«Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ Қытай университеттерімен тығыз қарым-қатынаста. Соның бір дәлелі ретінде оқу ордасының базасында Солтүстік-батыс политехникалық университетінің филиалы іске қосылды. Қытай тарапынан Орталық Азиядағы ең қуатты суперкомпьютер ҚазҰУ-ға орнатылды. Бұл әлем бойынша үздік 600 суперкомпьютер тізіміне кіреді. Қытай ғылым академиясының Экология және география институтымен бірлесіп «Қашықтықтан зондтау технологиясы және қолдану» қазақ-қытай бірлескен зертханасы ашылды.  Біздің басты мақсат – Қытай жоғары оқу орындарымен серіктестікті арттыру. Болашақта екі университет заң, құқық салалары бойынша тығыз жұмыс істеп, тәжірибелерімен бөліседі деп сенемін», – деді Жансейіт Түймебаев.

Өз кезегінде Чжао Вандун ілтипат білдіргені үшін білім ордасының басшылығына ризашылығын айтып, қос университет арасындағы ынтымақтастықты жандандыруға ықыласты екенін жеткізді.

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі