Түркiстан

21 қаңтар, 2016

Т.Дарқанбаев пен М.Айтхожиннің ғылымдағы жолы

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің «Қазақ университеті» баспасынан тұрақты түрде жарық көріп келе жатқан «Өнегелі өмір» сериясының кезекті 67, 68-шығарылымдары Қазақстанның белді ғалымдары, академиктер Темірбай Дарқанбаев пен Мұрат Айтхожинге арналды.

Кітапта ғалымдар жайлы биографиялық ақпараттар, олардың ғылыми мақалалары мен жеке мұрағат суреттері, сонымен қатар, достары, туыстары, замандастары мен әріптестерінің, шәкірттерінің жылы лебіздері мен естеліктері қамтылған.

Салтанатты шараны ашқан әл-Фараби атындағы ҚазҰУ ректоры Ғалымқайыр Мұтанов Темірбай Байбосынұлы мен Мұрат Әбенұлының өмірі, еңбек жолы өскелең ұрпаққа үлгі екенін атап өтті.

«Қазақ бидайының биохимиялық және технологиялық қасиеттерін зерттеуді ең алғаш болып Дарқанбаев Темірбай Байбосынұлы өз қолына алған еді. С.М. Киров атындағы ҚазМУ-дың ректоры болған ғалым біздің университетіміздің дамуына сүбелі үлесін қосып, талай қазақстандық генетиктерді тәрбиелеген адам, – дей келе ректор Ғалымқайыр Мұтанов Айтхожин Мұрат Әбенұлының өнегелі өмір жолына да кеңінен тоқталды. – Қазақстанда молекулалық биология мен биотехнологияның негізін қалаған ғалымның есімі бүгінде 1983 жылы негізін өзі қалаған Молекулалық биология мен биотехнология институтына берілген. Еліміздің болашақ биолог мамандары үшін оның еңбектері – бірегей теңдесі жоқ ғылыми мұра».

Расында да, молекулалық биология мен биотехнология туралы сөз болғанда, академик Мұрат Айтхожиннің есімі ерек аталуы тиіс. Ол 1962 жылы С.Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетін, 1965 жылы М.Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университетін бітірген. 1965-1967 жылдары Қазақ КСР Ғылым академиясында кіші ғылыми қызметкер, ал 1967-1969 жылдары аға ғылыми қызметкер болып еңбек етті. Ғалым 1969-1978 жылдары Қазақ КСР Ғылым академиясы Ботаника институтында лаборатория меңгерушісі болса, 1978-1983 жылдары сол институтқа басшылық етті. 1986-1987 жылдары Қазақ КСР Ғылым академиясының президенті болды.

Мұрат Әбенұлын Қазақстандағы молекулалық биология мен биотехнологияның негізін салушы деуге толық қақымыз бар. Ол жасушалық макромолекулалардың синтезі саласында аса құнды зерттеу жұмыстарын жүргізді. Эукариоттық жасушаларда кездесетін жасушалық бөлшектердің жаңа класын, ақпараттық рибонуклеин қышқылдарыныңқпараттық РНК-ның) рибонуклеопротеидтік түрі (РНП) — информасоманы ашқан. М.Айтхожин бидай дәнінің эмбриогенезі, пісіп-жетілуі, тұқымынан өнуі кезінде оның жасушаларында жүретін құбылыстарды: ақпараттық РНК-ның биогенезін, түзілуін, сақталуын және оның құрылымдық ерекшеліктерін зерттеді. Өсімдік рибосомаларының физикалық және химиялық қасиеттерін анықтап, олардың жануар рибосомаларына ұқсас екенін байқады. Жануар мен өсімдік жасушаларының суббөлшектерінен тұратын қарекеті күшті будан рибосомалар алуға, оларды зерттеуге болатынын тәжірибе жүзінде дәлелдеді. Бұл зерттеулердің эволюциялық теорияны дамытуда үлкен маңызы болғанын айта кеткен жөн.

Академик биохимиялық тәжірибелерді автоматтандыру саласында белсенді басшылық жасады. Қазақ КСР Ғылым академиясы жанынан Молекулалық биология және биохимия институтын ашқан да – Мұрат Айтхожин. Сондай-ақ, ол осы институт құрамында жасушалық және генетикалық инженерия, трансгеноз лабораторияларын, Биотехнология орталығын ұйымдастырған (1987). Ғалым көзі тірісінде Лениндік сыйлықтың иегері атанды (1976), халықаралық Бейбітшілік қорының Алтын медалімен (1987), “Халықтар достығы” орденімен (1987) марапатталды.

Академиктің туған жері – Солтүстік Қазақстан облысында оның өзі жайлы ғана емес, өнегелі отбасы, ата-анасы мен бауырлары туралы да естелік айтушылар көп. Бүгінде өзі білім алған Қызылжардағы №1 мектеп Мұрат Айтхожинның есімімен аталады. ҚР Ғылым академиясының Молекулалқ биология және биохимия институтына да ғалымның аты берілген.