Мәдениет және ұлттық дәстүр күніндегі мұражайларға бару

2025 жылдың 16 наурызында Қазақстанда «Наурызнама» онкүндігі аясында Мәдениет және ұлттық дәстүр күні атап өтіледі. Бұл күні «6В05105 – Генетика» білім беру бағдарламасының 1 және 2 курс студенттері (куратор-эдвайзер – PhD, доцент м.а. Ловинская А.В.) Қазақстан Республикасының Әбілхан Қастеев атындағы Мемлекеттік өнер мұражайы мен Алматы қаласы мұражайына барды.
Әбілхан Қастеев атындағы Мемлекеттік өнер мұражайы – Қазақстандағы ең ірі көркемөнер мұражайы, бейнелеу өнері саласындағы жетекші ғылыми-зерттеу және мәдени-ағартушылық орталық болып табылады. Мұражайда қазақстандық шеберлердің кескіндеме, мүсін және графика туындыларының ауқымды жинағы бар. Мұражай экспонаттарының арасында Қазақстан аумағындағы алғашқы көркемсурет мектебінің негізін қалаушы, орыс суретшісі Н.Г. Хлудовтың, оның шәкірті, алғашқы қазақ суретшісі Ә. Қастеевтің, сондай-ақ Қазақстанның белгілі суретшілері А. Ғалымбаева, Г. Исмаилова, М. Кенбаев, С. Мәмбеев, К. Муллашев, Х. Наурызбаев, М. Телжанов және басқа да шеберлердің туындылары бар. Сонымен қатар, мұражайда қазақтың сәндік-қолданбалы өнерінің, соның ішінде киіз және түкті кілемдер, тері мен ағаш бұйымдарының үлкен коллекциясы сақталған.
Алматы қаласының мұражайы – қала тарихына арналған, Алматының көне ғимараттарының бірі – бұрынғы Верный балалар үйінің (1878 жылы салынған) ғимаратында орналасқан. Мұражай экспозициясы Алматының ежелгі заманнан қазіргі уақытқа дейінгі тарихын қамтиды және 11 залдан тұрады. Мұражай қорында қазақ этнографиясының бұйымдары, түрлі дәуірлер мен мәдениеттердің тұрмыстық заттары, бейнелеу өнері туындылары, сондай-ақ бірегей фотосуреттер мен құжаттар бар.
Мәдениет және ұлттық дәстүр күні жастарға елдің мәдени мұрасын тереңірек түсінуге және бағалауға мүмкіндік береді және қоғамға оны келешек ұрпақ үшін сақтау қажеттілігін еске салады.
Молекулалық биология және генетика кафедрасы
Басқа жаңалықтар

