Ұлттық киім – ұлт келбетіFarabi University

Ұлттық киім – ұлт келбеті

18 наурыз, 2025

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті ұлттық құндылықтарды насихаттау және жастар арасында дәстүрге деген құрметті арттыру мақсатында маңызды шаралардың біріне бастамашы болды. 2025 жылдың 18 наурызында университет ұжымы «Ұлттық киім – ұлт келбеті» атты ерекше шараға қатысып, қазақ халқының дәстүрлі киім үлгілерін дәріптеуге өз үлесін қосты.

Университет профессорлары, оқытушылары мен студенттері бұл күні арнайы ұлттық киім киіп, халқымыздың ғасырлар бойы қалыптасқан сән мәдениеті мен киім үлгілерінің алуан түрлілігін көрсетті. Бұл шараға ЖОО дейінгі білім беру факультеті шетелдіктердің тілдік және жалпы білім беру дайындығы кафедрасы ұжымы да сырт қалмады.

Мемлекет басшысы да ұлттық киімді дәріптеудің маңыздылығын атап өтіп: «Ұлттық киім – бұл біздің бірегей ұлттық болмысымыздың маңызды көрінісі. Оны жан-жақты дәріптеуіміз керек» деген болатын. Осы ретте университеттің бұл бастамасы ұлттық мәдениетімізді жаңғыртуға, жастардың тарихи мұраға деген қызығушылығын арттыруға бағытталған игі қадам болып табылады.

Бұл шара Біріккен Ұлттар Ұйымының Тұрақты дамудың бірнеше мақсаттарымен тығыз байланысты. Ұлттық қолөнерді дамыту арқылы ұлттық киім өндірісі мен дәстүрлі қолөнер шеберлерінің еңбегін жандандыруға мүмкіндік туады, мәдени мұраны сақтау және оны қоғамда кеңінен насихаттау арқылы тұрақты дамуды қамтамасыз етуге үлес қосылады. Сонымен қатар сапалы білім беру университетіміздің негізгі мақсаты болып,  ұлттық киімді дәріптеу арқылы жастарға мәдени мұраны таныстыру, ұлттық сана-сезімді нығайту және тарихи-мәдени білім беруді көздейді.   

Осындай шаралар арқылы қазақ халқының бай киім мәдениеті келер ұрпаққа кеңінен насихатталып, ұлттық рухани құндылықтар жаңаша серпін алады. Сонымен қатар, бұл бастама тұрақты дамудың маңызды аспектілерін қолдай отырып, мәдени және экономикалық өркендеуге де ықпал етеді.