Әл-Фараби мұрасына арналған фин-қазақ Симпозиумы өтті
Философия кафедрасының меңгерушісі Г.Ж.Нұрышева Финляндия Академиясы мен Ювяскюля университеті ұйымдастырған «Әл-Фарабидің саяси философиясы жаһандық мәнмәтінде» атты фин-қазақ Симпозиумына қатысты.
Ол Симпозиумда «Әл-Фарабидің ізгілік қаласының басшысы туралы ілімі және қазіргі заманғы Қазақстан» тақырыбына баяндама жасады. Баяндамада ұлы ойшылдың шығармашылық мұрасының өзектілігі Н.Ә.Назарбаевтың тұлғалық философиясымен және Қазақстан қоғамының жаңа даму парадигмасымен тығыз байланысты қарастырылды. Әл-Фарабидің ізгілік қаласы философиясына негізделген «Al-Farabi university smart city» ғылыми-инновациялық жобасының мәнін ашуға ерекше көңіл бөлінді. Симпозиумға қатысушылар жобаға да, баяндамаға да үлкен қызығушылық танытып, қызу талқылады.
Профессор Г.Ж.Нұрышева әлеуметтік ғылымдар факультетінің және философия кафедрасының қызметімен танысты, «Философия» мамандығының PhD докторанты А.Б.Досқожанованың шетелдік кеңесшісі Василейос Сироспен, Ювяскюля университетінің халықаралық байланыстар департаментінің басшысы Туйа Копоненмен кездесіп, философтардың жаңа буынын дайындау саласындағы ынтымақтастық мәселелерін талқылады.
Фин ғалымдары әл-Фараби мұрасын бірлесе зерттеуге ықыластықтарын білдірді және профессор Г.Ж.Нұрышева өздері осы жылдың маусым айында Гумбольдт университетімен бірге өткізгелі отырған халықаралық конференцияға шақырды.
Философия кафедрасы