АҚШ КОНГРЕСІ ӨКІЛДЕР ПАЛАТАСЫНЫҢ МҮШЕСІ КЭРОЛ МИЛЛЕР ҚАЗҰУ-ДАFarabi University

АҚШ КОНГРЕСІ ӨКІЛДЕР ПАЛАТАСЫНЫҢ МҮШЕСІ КЭРОЛ МИЛЛЕР ҚАЗҰУ-ДА

22 наурыз, 2025

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетіне АҚШ Конгресі Өкілдер палатасының мүшесі Кэрол Миллер бастаған делегация арнайы келді.

Құрметті қонақтарды университеттің Басқарма Төрағасы – Ректор Жансейіт Түймебаев қарсы алып, жоғары оқу орнының қызметімен таныстырды.

 

Алдымен меймандар ҚазҰУ мұражайын аралап көріп, ҚазҰУ-дың тарихы туралы мәлімет алды.

Білім ордасының басшысы Жансейіт Түймебаев ҚазҰУ-дың АҚШ ЖОО-ларымен серіктестігі қарқынды дамып  келе жатқанына тоқталды. Қазіргі таңда  оқу ордасы Американың 19 университетімен әріптестік байланыс орнатқан. ҚазҰУ 2014 жылы Халықаралық білім беру жөніндегі америкалық кеңестермен өзара түсіністік туралы меморандумға қол қойды. Аталған келісім аясында бүгінге дейін «Флагман» бағдарламасы арқылы 120-дан астам және RLASP бағдарламасы бойынша 300-ден астам америкалық студент  қабылданған. Ал академиялық және ғылыми-зерттеу қызметін жүргізу үшін университетке АҚШ-тан төрт профессор келіп, дәріс берді. 

Кейін делегация мүшелері Фараби кітапханасында болып, Әбу Насыр әл-Фарабидің өмірі мен шығармашылығына арналған музейді көрді.

Сапар барысында АҚШ Конгресі Өкілдер палатасының мүшесі Кэрол Миллер ҚазҰУ студенттерімен және АҚШ-тан келіп білім алып жатқан жастармен әңгімелесті.

«Қазақстан мен Америка Құрама Штаттары – сенімді серіктес. Дипломатиялық қарым-қатынас орнағаннан бастап бүгінге дейін түрлі сала бойынша келісімдер жасалып, ортақ жобалар жүзеге асты. Болашақта да екі мемлекет арасындағы ынтымақтастық нәтижелі жалғасатынына сенімдімін», – деді Кэрол Миллер.

Сондай-ақ құрметті қонақ саясаттағы әйелдердің рөлі, АҚШ пен Қазақстан арасындағы парламентаралық ынтымақтастықтың болашағы, екі мемлекет арасындағы ғылым және жоғары білім саласындағы байланыстың қарқыны турасында білім алушы жастардың сұрағына жауап берді.

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі