ҚазҰУ түлегі талантты студенттерге ақшалай сыйлық табыстады

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың химия және химиялық технология факультетінің 2019 жылғы түлегі, Инженер-мұнайшылар қоғамының студенттік бөлімшесі (SPE KazNU) негізін қалаушылардың бірі Диана Төлегенова белсенділік танытып, көшбасшы болып жүрген үздік студенттерге ақшалай сертификат табыс етті.
Диана «Органикалық заттардың химиялық технологиясы» білім беру бағдарламасын тамамдап, 2018 жылы Арнұр Өмірзақовамен бірлесе SPE студенттік секциясын құрған. Қазіргі таңда ол Канаданың Калгари қаласындағы Imperial Oil компаниясында жоба менеджері қызметін атқаруда. Олар университеттің инженерлік қауымдастығының дамуына ерекше үлес қосқан студенттерді анықтап, марапаттады.
Бірінші орынды – 300 мың теңге көлеміндегі ақшалай сыйлықты химия және химиялық технология факультетінің 2-курс студенті Елена Овсянникова иеленді. Екінші орынды география және табиғатты пайдалану факультетінің 2-курс магистранты Данагүл Тұрсынбекова иеленсе (200 мың теңге), 3-орынды биология және биотехнология факультетінің 2-курс студенті Диас Әлімбетов (100 мың теңге) жеңіп алды.
ҚазҰУ-дың SPE студенттік бөлімшесі бірнеше мәрте әлемдегі үздік бөлімшелердің қатарына еніп, Presidential Award for Outstanding Student Chapter халықаралық сыйлығын иеленген. Диана Төлегенова студенттердің инженерлік бағытты дамытудағы еңбектерін ерекше атап, оларға жетістік пен толағай табыс тіледі.
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі
Басқа жаңалықтар


