ҚазҰУ «Жарықсыз бір сағат» акциясын қолдады

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-да «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы аясында «Жарықсыз бір сағат» шарасы өтті.
Акция Тұрақты даму мақсатының «Қолжетімді және таза энергия» бағытын қолдауға және электр энергиясын үнемді пайдалану мәселелеріне назар аударуға бағытталған.
Іс-шараға студент жастар қатысып, олар жатақханаларда, оқу аудиторияларында жарықты бір сағатқа өз еркімен сөндірді. Мұндай бастамалар жастарға тұтынылатын электр қуатына ұқыпты қараудың, қуат көздерін үнемдеудің маңыздылығын түсінуге және қоршаған ортаны қорғауға ықпал ететін әдеттерді қалыптастыруға көмектеседі.
Акцияға қатысушылардың бірі, география және табиғатты пайдалану факультетінің магистранты Дана Болыс: «Бір сағат бойы жарықсыз отыру үлкен құрбандық емес, бірақ бұл бізге энергия тұтыну әдетіміз туралы ойлануға мүмкіндік берді. Болашақта энергияны үнемдеу үшін қарапайым қадамдар жасаудың маңыздылығын түсіндік», – деп шараның ерекше әсер қалдырғанын айтты.
Акция аясында студенттер шам жарығына жиналып, табиғатты қорғаудың жолдары, ондағы негізгі мәселелер мен баламалы энергия көздерін пайдалану жөнінде өзара пікір алмасты.
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі
Басқа жаңалықтар


