ТҮРКСОЙ шәкіртақы тағайындады Бұдан бір жылға жуық уақыт бұрын әл-Фараби атындағы ҚазҰУ ректорының бастамасымен Шығыстану факультетінде ТҮРКСОЙ кафедрасы ашылған болатын. Жақында осы кафедраның ең үздік студенттеріне Халықаралық түркі мәдениеті ұйымы (ТҮРКСОЙ) атынан шәкіртақы тағайындалды. Халықаралық ұйымның Бас хатшысы Қасейінов Дүйсен Қорабайұлының атынан «Түркітану», «Шетел филологиясы: түрік тілі», «Аударма ісі» мамандықтары бойынша білім алатын студенттерді ынталандыру және әлеуметтік тұрғыдан қолдау мақсатында берілген шәкіртақыны ТҮРКСОЙ Қаржылық бөлімінің басшысы Санжар Мүләзімұғлы Анкарадан арнайы келіп табыстады. Әрбіреуі 100 000 (жүз мың) теңге көлеміндегі бірреттік шәкіртақы ТҮРКСОЙ кафедрасының белсенді және ең озат сегіз студентіне берілді. Жиында сөз сөйлеген ТҮРКСОЙ өкілі әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің басшылығын соңғы уақыттағы білім беру мен ғылым саласындағы халықаралық деңгейде қол жеткізген жетістіктерімен құттықтап, халықаралық ұйым мен университет арасындағы ынтымақтастықтың бұдан әрі де дами түсетініне сенім білдірді. |
Жиын соңында әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің ректоры Ғалымқайыр Мұтанов ТҮРКСОЙ ұйымының басшылығына студенттерге көрсеткен қолдаулары үшін ерекше алғысын білдірді.