
ҚазҰУ еліміздегі жетекші білім ордасы ретінде Тұрақты даму мақсаттарын жүзеге асыруға белсенді атсалысып келеді. Соның ішінде, 11-ші бағыт – қалалар мен елді мекендердің ашықтығын, қауіпсіздігін, өміршеңдігін және экологиялық тұрақтылығын қамтамасыз ету – университеттің күн тәртібіндегі маңызды міндеттердің бірі.
Бұл бағытта заң факультетінің Кеден, қаржы және экологиялық құқық кафедрасы студенттер үйін жаңарту жұмыстарын табысты жүзеге асырды. Негізгі жұмыс №18 студенттер үйінің бірінші және жетінші қабаттарындағы холл, дәліз, екі оқу залы мен екі ас бөлмесін жаңартуға бағытталды.
Жаңарту жұмыстары барысында жаңадан алты кітап сөресі, оқу үстелдері, бір диван және төрт ыңғайлы орындық орнатылды. Бұл жиһаздар студенттердің оқу барысын жеңілдетіп, жайлы орта қалыптастыруға арналған. Холл мен оқу залына Қазақстан табиғаты бейнеленген тоғыз сурет, кафедра эдвайзерлерінің ұйымдастырған іс-шараларын сипаттайтын он фотосурет, екі сағат, заманауи перделер мен бөлме өсімдіктері қойылды. Оқу залына ковролин төселіп, студенттерді таза ауызсумен қамтамасыз ету мақсатында диспенсер орнатылды. Қосымша заң әдебиеттері мен әдеби кітаптар сатып алынып, студенттердің білімге қолжетімділігі кеңейтілді.
Жаңартылған оқу залдары студенттердің бос уақытын тиімді өткізуіне және білім алуына ыңғайлы алаңға айналуна ықпал етеді. Жаңарту жұмыстарының басты мақсаты – туған үйлерінен жырақта жүрген студенттерге өз үйлеріндегідей жылулық сезімін сыйлау, қолайлы орта қалыптастыру және олардың студенттік өмірін жақсарту. Білім алушылардың әлеуметтік жағдайларын ескере отырып, әрбір бөлшекке ерекше мән берілді.
Бұл жоба факультеттің белсенді түлектерінің қолдауымен жүзеге асырылды. Олардың демеушілік қаржыландыруы университеттің материалдық-техникалық базасын жақсартуға мүмкіндік берді. Осындай қадамдар университет түлектерінің білім ордасына деген зор құрметін және адалдығын көрсетеді.
Гүлдана ҚУАНӘЛИЕВА,
Кеден, қаржы және экологиялық құқық кафедрасының меңгерушісі, заң ғылымының докторы
Гүлнұр РАШЕВА,
аға оқытушы, PhD
Басқа жаңалықтар

