Қытай компаниясымен бірлескен цифрлық орталық құрыладыFarabi University

Қытай компаниясымен бірлескен цифрлық орталық құрылады

8 сәуір, 2025

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің Басқарма Төрағасы – Ректор Жансейіт Түймебаев Jiangsu Huibo Robotics Technology Co компаниясының Халықаралық байланыс және негізгі тапсырыс берушілермен жұмыс департаментінің директоры Ли Вэнмен жүздесті.

Кездесу барысында қос тарап өзара ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойып, инновациялық технологияларды бірлесіп жүзеге асыру мәселелерін талқылады.

Келісім аясында ҚазҰУ Қытай компаниясымен бірлесіп робототехника саласында цифрлық орталық ашады. Орталықты құру жұмыстарын ҚазҰУ тарапы жүргізсе, құрал-жабдықтармен және роботтармен қамтамасыз ету жұмыстарын Қытай компаниясы іске асырады. Бұған қосымша меморандум аясында университеттің білім алушы жастары Jiangsu Huibo Robotics Technology Co компаниясынан тағылымдамадан өтуге мүмкіндік алады.

Оқу ордасының басшысы Жансейіт Түймебаев құрметті қонақтарға әлемге әйгілі компаниялармен бірлесіп жұмыс істеудегі университет тәжірибесімен бөлісті.

«Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті Қытай ЖОО-ларымен әріптестік байланысты жандандыру мақсатында жүйелі жұмыс істеп келеді. Университет базасында ZTE, Benlin, BASF корпорацияларының орталықтары іске қосылған. Бүгінгі келісім болашақта білікті мамандарды даярлауға, тәжірибе алмасуға, ортақ ғылыми жобаларды жүзеге асыруға тың серпін береді деп сенемін», – деді ректор.

Өз кезегінде Ли Вэн ынтымақтастықты нығайту маңызды қадам болатынын  тілге тиек етті. Сондай-ақ бірлескен жобалар бойынша жұмысты одан әрі жандандыруға компания тарапы дайын екенін жеткізді. «Кез келген мемлекеттің негізгі тірегі – ғылым мен білім. ҚазҰУ-мен серіктестікті дамытуға, сондай-ақ халықаралық стандарттарға сай келетін кадрларды бірлесіп даярлауға дайынбыз», – деді  Ли Вэн.

Келіссөз нәтижесінде тараптар аталған ұсыныс-пікірлерді және меморандумда көрсетілген бастамаларды жүйелі түрде жүзеге асыруға уағдаласты.

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі