"100 кітап - мәңгілік мұра

3 ақпан, 2016

ҚазҰУ-дың №9 студенттер үйінде (философия және саясаттану факультеті) "ҚазҰУ студенті оқуға тиіс 100 кітап" жобасы аясында педагогика және білім беру менеджмент кафедрасының доценті Касымова Роза Садыққызының ұйымдастыруымен тәрбиелік іс-шара өтті.

100 кітап жобасы аясында өткен тәрбиелік шараға республикалық "Қазақ әдебиеті" газетінің әдебиет, сын бөлімінің меңгерушісі Бағашар Тұрсынбайұлы арнайы шақырылып, 1,2 курс студенттерімен әдебиет, руханият, һәм тәрбие хақында мағыналы әңгіме қозғалды. Бағашар Тұрсынбайұлы жоба аясындағы кітаптардың бірсыпырасына тоқталып, студенттер үшін қызық,әрі мағыналы шығармаларды атап өтті. Студенттер тарапынан қойылған сауалдарға жауап беріп, тәрбиелік сағаттың мәнін арттыра түсті. Кездесу қонағы "Әлеуметтік педагогика және өзін-өзі тану», «Педагогика және психология» мамандықтарында оқып жатқан сіздер үшін, 100 кітап жобасының пайдасы зор. Ертең өздеріңіз шәкірттердің алдына барған кезде де, өз ойларыңызды толық, тиянақты жеткізу үшін немесе шәкірттеріңізге рухани көмек беру үшін маңызы ерекше. Жалпы, бұл жоба университет студентінің жан-жақты болуы үшін жасалған стратегиялық бірегей бағыты деуімізге болады"-деді.

Іс-шара аясында дайындалған викториналық сұрақтардан жарыс өткізіліп, дұрыс жауабын айтқан студенттер марапатталды. Студенттер педагогика пәнінен алған білімдерін осы жарыста байқатты.1 курс студенттері келген қонақтар мен магистранттарға өздері жасап келген презентациялық көрсетілімдерін ұсынды. Бұл жұмыстары ұстаздар мен студенттер арасында 100 кітап жобасының маңызын одан ары арттыра түсті. Шара соңында үздік қатысушыларға сый-сыяпаттар табысталып, естелікке суретке түсті.

Касымова Роза

Философия және саясаттану факультеті,

педагогика және білім беру менеджмент

кафедрасының доценті, п.ғ.к.