
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-да география және табиғатты пайдалану факультетінің бастамасымен экологиялық хаб ашылды. Бұл жоба «Таза Қазақстан» бағдарламасы аясында жоғары оқу орындарында және одан тыс жерлерде экологиялық мәдениетті дамытуға бағытталған студенттердің бастамаларын қолдау үшін экологиялық клубтар құру бастамасына негізделген.
ҚазҰУ Эко хабы Мемлекет басшысының тікелей тапсырмасымен құрылған ECO Network эко хабтар желісінің бөлігі болып табылады.
Эко хаб - қоршаған ортаны қорғау, тұрақты даму және жасыл технологияларды дамыту бағытында жастардың белсенділігін арттыруға арналған орталық міндетін атқарады.
Іс-шараға университет басшылығы, ECO Network жобасының жетекшісі, эколог Евгений Мухамеджанов, экологиялық орталықтардың өкілдері, оқытушы-профессорлар құрамы және студент жастар жиналды.
Экологиялық хаб қазіргі заманның өзекті мәселелеріне жауап беретін, нақты әрекетке бағытталған платформа. Ол экологиялық сауатты арттырудың, жастардың бойында табиғатқа деген жауапкершілікті тәрбиелеудің маңызды құралы. Қазіргі таңда пластикалық қалдықтар – ғаламдық экологиялық дағдарыстың басты себептерінің бірі. Жыл сайын миллиондаған тонна пластик қоршаған ортаға түсіп, топырақты, суды, ауа мен тірі ағзаларды улайды. Мұндай жағдай тек табиғатқа емес, адам денсаулығына да орасан зиян келтіреді. Жаңа ашылып отырған экологиялық хабта студенттер пластикті бөліп жинау, өңдеу және одан пайдалы өнімдер жасау үдерісін терең меңгере алады.
Сондай-ақ шараға жиналғандар қоршаған ортаға қатысты мәселелерді талқылап, экологиялық мәдениетті қалыптастыруда мұндай бастамалардың маңызын ерекше атап өтті.
Экологиялық білімді насихаттау, экологиялық бастамаларға қолдау көрсетуді мақсат тұтқан хаб базасында түрлі семинарлар, шеберлік сабақтары, экологиялық акциялар мен стартап жобалар ұйымдастырылады.
Бұл жобаны кеңінен насихаттауда ЮНЕСКО-ның Тұрақты даму кафедрасының эколог-студенттері ерекше рөл атқарады. Олар бұл тәжірибені алдымен география және табиғатты пайдалану факультеті деңгейінде, содан кейін бүкіл университетте енгізуге және дамытуға көмектеседі. Бұл өзекті экологиялық міндеттерді шешуге мүмкіндігінше жастарды көбірек тартуға мүмкіндік береді.
Экологиялық хаб білім мен ғылымды, тәжірибе мен белсенділікті біріктіретін ерекше алаң болмақ. Ол арқылы студенттер мен жас ғалымдар экология саласында тың идеяларын жүзеге асыруға мүмкіндік алады.
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі
Басқа жаңалықтар

