Ә. Масалимова: Елбасы ұсынған реформаларды жүзеге асыру - әрбір қазақстандық үшін үлкен жауапкершілік
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат- Елбасы ұсынған бес институционалдық реформаны жүзеге асыру - әрбір қазақстандық үшін үлкен жауапкершілік. Бұл туралы философия ғылымдарының докторы, профессор, әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің деканы Әлия Масалимова осылай деді.
Оның айтуынша, бұл реформалардың табысты болуы билік пен халықтың ерік-жігеріне тікелей байланысты.
«Ұлт жоспары - «100 нақты қадам» - еліміздегі қоғамдық қатынастар жүйесін түбегейлі өзгертеді. Біздің алдағы жылдардағы ортақ міндетіміз - осы бес институционалдық реформаны кезең-кезеңмен жүзеге асыру. Бұл жерде оларды кімнің, қалай жүзеге асыратыны өте маңызды. Мемлекетіміздің саяси жағынан да, экономикалық жағынан да тұрақтылығын арттыруға бағытталған бұл келелі міндеттерді орындау қолымыздан келеді. Ал мемлекет пен қоғам біртұтастығын және тұрақтылығын сақтаса және реформалар ғылыми негізде жүзеге асырылатын болса, олар тиімділігі арта түседі», - деді Ә. Масалимова.
Сонымен қатар, ғалым әлемдегі ең дамыған 30 елдің қатарына ену стратегиясын тек бөгде елдердің тәжірибелеріне сүйініп қана жүзеге асыру мүмкін еместігін жеткізді.
«Бұл үшін отандық ғалымдар бәсекеге қабілетті ғылыми-зерттеу жобалары арқылы жаңа тәсілдемелер, жаңа білімдер, жаңа әдістемелер ойлап табулары тиіс. Сондықтан, біз бірінші кезекте қоғамдағы өзекті мәселелерді анықтауға, болашақ дамудың моделін дайындап, даму сценариін әзірлеуге, мониторинг, сараптама және баға беру жүйесін қалыптастыруға күш салуымыз қажет. Өйткені, даму барысында күтпеген тәуекелдер, өзгерістер орын алуы мүмкін. Біз бұған дайын болуымыз керек», - деді Ә. Масалимова.
Автор: Жаппарберген Айбота