- Басты бет
- Жаңалықтар
- Ғылымның болашағы – жастардың қолында: тұрақты даму мақсаттарын қолдауға бағытталған студенттік бастама
Ғылымның болашағы – жастардың қолында: тұрақты даму мақсаттарын қолдауға бағытталған студенттік бастама

7 сәуір күні әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің химия және химиялық технология факультетінде тұрақты дамудың 3-мақсаты — «Салауатты өмір салтын қамтамасыз ету және әл-ауқатты арттыру»тақырыбына арналған ғылыми-ағартушылық іс-шара өтті. Шараны «Химия» мамандығының ағылшын бөлімінде оқитын 1-курс магистранттары педагогикалық практика аясында ұйымдастырды.
Іс-шарада еліміздің жетекші ғылыми мекемелерінен шақырылған жас ғалымдар баяндамашы ретінде сөз сөйледі. Назарбаев Университетінің ғылыми қызметкері Жумадилова Яна «Обыр жасушаларын анықтауға арналған жаңа екіфункционалды радиологиялық контрастты заттар» тақырыбында баяндама жасап, диагностикалық және терапиялық қасиеттерді біріктіретін, қатерлі ісікті ерте анықтауға бағытталған инновациялық контрастты агенттерді жасау бойынша зерттеу нәтижелерімен бөлісті.
Дәрілік өсімдіктер ғылыми орталығының ғылыми қызметкері Жалғасбек Нұрмауе «Табиғаттың сиқыры: емдік шөптер және олардың қасиеттері» тақырыбында сөз сөйлеп, емдік өсімдіктердің шипалық қасиеттері, олардан табиғи препараттар жасау мүмкіндігі және табиғи ресурстардың аурулардың алдын алудағы маңызы жайлы баяндама жасады.
Іс-шараға қатысушылар қатарында бакалавриаттың 2-курс студенттері мен физикалық химия, катализ және мұнай химиясы кафедрасының оқытушылары болды. Қатысушылар баяндама тақырыптарына үлкен қызығушылық танытып, пікірлерімен бөлісіп, сұрақтар қойып, салауатты өмір салтына қатысты пайдалы әдеттер туралы викторинаға белсенді қатысты. Бұл іс-шараны жандандырып, интерактивті әрі достық атмосфера туғызды.
Ұйымдастырушы магистранттар шараны өткізудің барлық кезеңдерін өз қолына алды — шақыру қағаздарын әзірлеуден бастап, залды безендіру, техникалық қолдау көрсету және интерактив ұйымдастыруға дейін. Олардың үйлесімді еңбегінің арқасында іс-шара жоғары деңгейде өтті және студенттердің ғылыми көкжиегін кеңейтіп, қоғамда салауатты өмір салты мен әл-ауқатты арттыруға бағытталған ғылым жетістіктерін насихаттауға маңызды үлес қосты.
«Химия» мамандығының 1-курс магистранттары
Басқа жаңалықтар

