Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-да Экологиялық хабтың ашылуы: тұрақты болашаққа қадамFarabi University

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-да Экологиялық хабтың ашылуы: тұрақты болашаққа қадам

11 сәуір, 2025

2025 жылғы 10 сәуірде Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің технопарк аумағында Экологиялық хабтың салтанатты ашылуы өтті. Бұл – ECO network жобасының Эко-хабтар желісіне кіретін экологиялық бастамаларды қолдауға және тұрақты даму бағытындағы жобаларды дамытуға арналған инновациялық кеңістік.

Іс-шараға халықаралық ұйымдар, мемлекеттік құрылымдар, бизнес-сектор мен ғылыми қауымдастық өкілдері қатарынан 25-ке жуық қонақ қатысты.

Іс — шараның ресми бөлігін Басқарма төрағасының орынбасары-ҚазҰУ-дың бірінші проректоры Эркин Ерманұлы Дүйсенов және Алматы қаласы Жастар саясаты басқармасы басшысының орынбасары Кеңесбай Алмаз Абайұлы ашты. Құттықтау сөзінен кейін эколог, ECO Network жобасының жетекшісі Евгений Мұхамеджанов және басқа да құрметті қонақтар қатысқан лентаның символдық кесілуі өтті.

Іс-шара қонақтарының қатарында БҰҰ-ның Қазақстандағы Ақпараттық бюросының басшысы Властимил Самек, Тоқсанбетов Нұрлан Сембайұлы - "Jerdin Dostary" қоғамдық бірлестігінің (Эконпо, Алматы)тең құрылтайшысы, Алматы қаласы әкімдігі, "Экосервис", "КазЭкоаналитика", "Казэкопроект", "Almotor" сынды компаниялардың өкілдері болды.

Экологиялық хабты таныстыру барысында Евгений Мухамеджанов оның негізгі мақсаты мен міндеттері туралы айтып, студенттер мен ғылыми қауымдастықты экологиялық шешімдерге тартудың маңызын атап өтті. Қонақтар пластикалық қалдықтарды жинау, сұрыптау және қайта өңдеу үдерісімен танысып, дайын өнім үлгілерін көрді.

Экологиялық хаб аясында университеттің барлық факультеттері мен Алматы қаласы мектептерінің және балабақшаларының оқушыларына арналған экологиялық сауаттылықты арттыруға бағытталған тұрақты оқыту бағдарламалары ұйымдастырылады. Бұл оқыту тренингтер, шеберлік сағаттары және интерактивті сабақтар арқылы жүзеге асады.

Іс-шараны ұйымдастыруға тұрақты даму бойынша ЮНЕСКО кафедрасының оқытушылары мен студенттері белсенді түрде атсалысты. Олардың үлесі ашылу салтанатының жоғары деңгейде өтуіне ықпал етті.

Салтанатты жиын география және табиғатты пайдалану факультетінің деканы Актымбаева Алия Сагындыковнаның қорытынды сөзімен аяқталды. Ол Экологиялық хабтың болашақта экологиялық ағарту, ғылыми зерттеулер және түрлі сала өкілдерінің өзара әрекеттестік алаңына айналатынына сенім білдірді.