- Басты бет
- Жаңалықтар
- Халықаралық қатынастар факультетінде «ТДМ әрекетте» атты халықаралық тренинг өтті
Халықаралық қатынастар факультетінде «ТДМ әрекетте» атты халықаралық тренинг өтті

2025 жылдың 11 сәуірінде Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің халықаралық қатынастар факультетінде БҰҰ туралы ақпарат беретін академиялық аймақтық ресурстық орталығы ұйымдастырған «ТДМ әрекетте» атты халықаралық тәжірбие өтті. Іс-шара Тұрақты даму мақсаттарын (ТДМ) тәжірибеде жүзеге асыруға арналды және жаһандық сын-қатерлер мен оларды шешу мүмкіндіктерін талқылауға арналған маңызды алаңға айналды.
Іс-шараны ашқан Академиялық ресурстық орталықтың директоры Деловарова Лейла Федоровна қатысушыларға арнап құттықтау сөз сөйлеп, жастардың БҰҰ-ның жаһандық күн тәртібіне және халықаралық диалогқа белсенді қатысуының маңыздылығын атап өтті.
Сессияның негізгі спикерлері - халықаралық қатынастар факультетінің 2-курс магистранттары Flore Gaumont және Ivan Dhédin болды. Олар өз баяндамаларында ТДМ-нің нақты өмірде қолданылуына тоқталып, Францияның Майотта департаменті мен Бангладеш Республикасындағы жағдайды мысалға келтіріп, аталған аймақтардың өзекті мәселелерін және тұрақты даму тұрғысынан оларды шешу жолдарын ұсынды.
Баяндамалардан кейін қатысушылар интерактивті тапсырмалар мен пікірталастарға тартылып, Майоттада ТДМ-ге қол жеткізуге бағытталған өз идеяларын ұсынып, оларды өзара талқылады, командаларға бірігіп, ұсынылған бастамаларды топтық талқылау форматында қорғады.
Іс-шараға халықаралық қатынастар факультетінің 1 және 2 курс студенттері мен магистранттары белсенді қатысты. Қатысушылар тұрақты даму тақырыбына зор қызығушылық танытып, аймақтық проблемалардың ерекшелігін зерделеуге аналитикалық тұрғыдан қарады.
Атап айтқанда, ТДМ-нің 9-мақсаты (инфрақұрылым, индустрияландыру және инновация) мен 11-мақсаты (тұрақты қалалар мен елді мекендер) ерекше назарда болып, командалар бұл бағыттарды Майотта өңірі үшін тұрақты болашаққа жетудің негізгі жолдары ретінде талдап шықты.
Іс-шара соңында барлық қатысушыларға сертификаттар табысталып, ұйымдастырушылар студенттерге бастамашылдығы, креативтілігі және жаһандық тұрақты даму мақсаттарын ілгерілетуге қызығушылық танытқаны үшін алғыстарын білдірді.
Жауапты оқытушысы: Деловарова Л.Ф.
Басқа жаңалықтар

