ҚазҰУ ректоры Колумбия университетінде алғашқы дәрісін өткізді
Ағымдағы жылдың 15 ақпанында АҚШ-тың көнекөз оқу ордаларының бірі Колумбия университетінде (Нью-Йорк қ.) отандық білім және ғылым тарихында тұңғыш рет ҚазҰУ ректоры Бақытжан Жұмағұлов дәрісін өткізді.
Дәріс тақырыбы Қазақстанның жетекші ұлттық университетінің тәжірибесі негізінде білім сапасының жаһандық орталығын құруға арналды. ҚазҰУ басшысы Қазақстанның жоғары білім және ғылым саласының реформалық кезеңдеріне тоқталып, Қазақ ұлттық университетінің тәжірибесі негізінде отандық білім беру саласында туындайтын мәселелердің шешу жолдарымен бөлісті. Көпшілік назарын биылғы ҚР Парламент палаталарының отырысында Қазақстан Республикасының Президенті Н. Назарбаевтың Қазақстан халқына жасаған Жолдауы елең етті.
Талғампаз әрі аса мән қойып дайындалған тыңдармандардың құрамында АҚШ-тың мемлекеттік департаментінің өкілдері, Нью-Йорк қаласының әкімшілігі, Колумбия университетінің басшылары мен оқытушы-профессорлары болды. Аталмыш шараның өтетіндігін бүкіламерикандық академиялық желі арқылы бір ай бұрын Пенсильвания, Бостон, Нью-Джерси университеттерінің профессорларына мәлімденген еді. Олар қазақстандық әріптестердің пікірлерін қолдап, қызығушылық білдірді. Бір сағатқа созылған пікірталаста Қазақстан Республикасының білім және ғылым саласы, қоғамдық-саяси ахуалы, сыртқы саясаты мен Қазақстанның биылдан қалмай ЕҚЫҰ-ға мүше болуы, т.б. өзекті мәселелер қарастырылды. ҚазҰУ ректоры жиналған қауымнан әлемге аты танылған қазақ ақыны Олжас Сүлейменовтың көші-қон мәселесіне арналған Нью-Йоркте дүниежүзілік ғылыми форумын өткізу идеясын қолдауды сұрады. 2009 жылдың күзінде О. Сүлейменов Колумбия университетінде әлем халықтарының көші-қон тарихына арналған дәріс оқыды.
Сол күні Бақытжан Жұмағұлов Қазақстаннан Нью-Йоркке білім алып, жұмыс істеуге барған студенттермен жүздесті. Шет елде жүрген отандастарымыз қазақ елінің өркендеп, жетістікке жетуін естіп мемлекеті үшін қатты қуанды. Жиынға қатысқан Колумбия университеті профессорларының бірі - атақты ғалым, Кеңес Одағы кезінде АҚШ-тың Төтенше және өкілетті елші қызметін атқарған Джек Мэтлок қазақстандық әріптестермен қызу-қанды пікірталастар жүргізді. ҚазҰУ басшылығы биылғы жылдың мамырында халықаралық қатынастардың теориясы мен практикасын жетік зерттеп меңгерген профессор Д. Мэтлокты тәжірибе алмасу мақсатында қазақтың жетекші университетіне қонақтап қайтуға шақырды.
Колумбия университетінде өткен кездесу барысында екі жақты қарым-қатынасты нығайту мақсатында жүргізілген келесімдер негізінде алдағы уақытта арнайы құжаттамаға қол қоятындығын мәлімдеді.
ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі