Туризм саласының түйінді мәселелері талқыға түстіFarabi University

Туризм саласының түйінді мәселелері талқыға түсті

18 сәуір, 2025

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-да «Ішкі және келу туризмді дамыту мәселелері мен келешегі» атты стратегиялық сессия өтті.

Іс-шараны ҚазҰУ-дың Рекреациялық география және туризм кафедрасы мен «Сауда-экономикалық стратегиялар орталығы» қоғамдық қоры бірлесе ұйымдастырды.

Жиынның мақсаты еліміздің туристік саласының тұрақты өсуін ынталандыруға бағытталған тиімді шешімдерді әзірлеуге арналған.

Аталмыш шараға «Kazakh Tourism» АҚ басқарма төрағасының орынбасары Даниель Арғын, «Qazaq-Oner» ұлттық қауымдастығының президенті, креативті индустрия сарапшысы Айгүл Жансерікова, Open Travel Advisory басқарушы серіктесі, DMO және туризмді цифрландыру жөніндегі маман Дәулет Есенәлиев, университет ғалымдары мен салалық сарапшылар және қоғамдық ұйымдардың өкілдері қатысты.

Шара барысында қатысушылар туризмнің инфрақұрылымы, сервис сапасы, маркетингтік стратегиялар және кадр даярлау мәселелерін кеңінен талқылады. Жиналғандар туризм индустриясындағы көлік логистикасының әлсіздігі, туристік қызметтердің біркелкі таратылмауы және жарнама жетіспеушілігі мәселелерін көтерді. Сонымен қатар келу туризмі бойынша шетелдік туристерге арналған ақпараттық ресурстардың аздығы мен визалық рәсімдердің күрделілігі де сөз болып, баяндамашылар Қазақстанның табиғи, тарихи және мәдени бай мұрасын тиімді пайдалану қажеттігін атап өтті. Ішкі туризмді дамыту үшін өңірлік бағыттарды ілгерілету, экотуризм мен этнотуризмге басымдық беру маңызды екені де айтылды. Осылайша аталмыш жиын Қазақстан туризмінің даму бағытын нақтылап, осы саладағы түйінді мәселелерді шешуге арналған ұсыныстар алаңына айналды.

Бұл іс-шара алдағы уақытта туризмнің экономикадағы рөлін арттыруға және еліміздің тартымдылығын халықаралық деңгейде ілгерілетуге серпін береді деп күтілуде.

 

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі