Тұрарбек Асқар адвокатпен кездесу

6 ақпан, 2016

1 ақпан күні әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университеті шығыстану факультеті қытайтану кафедрасында «Қытайтану апталығы» аясында ҚХР Нанкин университетінің экономикалық құқық ғылымдарының PhD докторы, адвокат, ҚХР Шыңжаң аграрлық университеті заң факультетінің деканы Тұрарбек Асқар «Қытайдағы қазақстандық студенттердің құқықтары қалай қорғалуда?» атты тақырыпта ғылыми семинар өткізді.

Семинар барысында Тұрарбек Асқар Қазақстан Республикасының ҚХР-мен 2011 жылы 22 ақпанда жасалған сотталғандарды еліне қайтару туралы шартының негізінде жұмыс жасап жатқандығын және Қазақстандық құқық қорғаушылармен тәжрибе алмасу мақсатында келгендігін айтты. Аталған келісім Қытай түрмесіндегі қазақстандық азаматтардың жазасын өз елінде өтеуіне мүмкіндік береді. Және де ол жақта білім алып жатқан студенттер арасында төбелес, бұзақылық жасап түрмеге түскен жастардың санының артып отырғандығына ішкі қынжылысын білдірді. Сонымен қатар, қазір Қытай түрмелерінде бейресми мәлімет бойынша 60-қа жуық қазақстандық түрлі деңгейде жасалған қылмыстары үшін жазасын өтеп жатқандығын, олардың арасында, есірткі тасымалы мен қорғауға алынған аң-құстарды заңсыз тасымалдағаны үшін ұсталған азаматтардың қалған өмірлерін мәңгілік түрмеде өткізетінін, ал кей азаматтар жасаған қылмысының дәрежесіне қарай сотталғандығын, негізінен олардың Қытайдың Сиань, Пекин, Үрімшідегі түрмелерінде жазасын өтеп жатқандығын да хабарлады.

Кафедра оқытушыларын қызықтырған бірқатар сұрақтарға толық, әрі жан-жақты жауап беріп, қызықты пікір алмасу болды.