Ғылым мен өндіріс байланысын жандандыруFarabi University

Ғылым мен өндіріс байланысын жандандыру

29 сәуір, 2025

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-да «Білім – ғылым – бизнес – өндіріс – экология» атты халықаралық ғылыми-техникалық конференция өтуде.

Іс-шараны ҚазҰУ-дың Жылуфизика және техникалық физика кафедрасы, Алматы технологиялық университеті, Қазақстан Республикасының тоңазытқыш және ауаны кондиционерлеу қауымдастығы, Тоңазытқыш техника, автоматика және электроника мектебі бірлесе ұйымдастырды.

Жиынның мақсаты – заманауи білім беру жүйесін ғылыммен ұштастыра отырып, өндірістік үдерістер мен кәсіпкерлік салаларды экологиялық жауапкершілікпен дамыту жолдарын қарастыруға бағытталған.

Конференция жұмысына университет ғалымдары, ғылыми-зерттеу институттары мен өндірістік сала мамандары, кәсіпкерлер, ғылыми орталықтар мен экологиялық ұйымдардың өкілдері және студент жастар қатысуда.

Шара аясында сөз алған ҚазҰУ-дың Басқарма мүшесі – ғылым және инновациялық қызмет жөніндегі проректордың міндетін атқарушы Марғұлан Ибраимов: «Қазіргі жаһандану дәуірінде білім мен ғылым, бизнес пен өндіріс, сондай-ақ экология салаларының тығыз байланысы қоғам дамуының негізгі тетіктерінің біріне айналып отыр. Осы ретте бүгінгі жиын жаңа идеялар мен серіктестік бастамаларға жол ашатын, креативті әрі ғылыми негізделген шешімдер ұсынатын алаңға айналмақ», – деді.

Сондай-ақ ғылыми жиында сала мамандары экологиялық мәдениетті қалыптастыру, энергияны үнемдейтін жылу сорғылары арқылы жылумен қамтамасыз ету,  жылуфизика және техникалық физикадағы инновациялық технологиялар сынды басқа да тақырыптар бойынша баяндама жасап, Қазақстанның тоңазытқыш саласын дамытудың мүмкіндіктері мен келешегін кеңінен қарастырды.

Екі күнге жалғасатын жиын аясында қатысушылар төмен температуралы өнеркәсіптің өзекті мәселелері мен олардың шешу жолдарын ұсынатын болады.

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі