ҚАЗАҚСТАН ХАЛҚЫНЫҢ БІРЛІГІ КҮНІ ҚҰТТЫ БОЛСЫН!Farabi University

ҚАЗАҚСТАН ХАЛҚЫНЫҢ БІРЛІГІ КҮНІ ҚҰТТЫ БОЛСЫН!

1 мамыр, 2025

Құрметті Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің ардагер ғалымдары, оқытушы-профессорлары мен қызметкерлері, білім алушы жастары!

Сіздерді Қазақстан халқының бірлігі күні мерекесімен шын жүректен құттықтаймын!

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқы Ассамблеясының ХХХІV сессиясында сөйлеген сөзінде: «Ынтымақ-бірлік, диалог, өзара сенім мен құрмет, азаматтық жауапкершілік – мұның бәрі елімізді қарқынды дамытудың мызғымас қағидаттары. Осы құндылықтарға арқа сүйей отырып, біз тәуелсіздіктің зор жетістіктерін сақтап, еселеп, келер ұрпаққа аманаттай аламыз», – деп атап өтті.

Биыл  қоғамдағы тұрақтылық пен келісімді нығайтуға елеулі үлес қосқан Қазақстан халқы Ассамблеясының құрылғанына 30 жыл толып отыр. 

Бүгінде этносаралық достық қатынастар мен халықтың ынтымағы  еліміздегі бейбітшілік пен келісімнің берік тұғырына айналды. Бұл – мемлекеттік саясаттың басты тірегі.

Ел болашағына елеулі үлес қосатын білікті мамандар даярлайтын университетімізде бүгінде 100-ден астам өзге ұлт өкілдері ғылыми-педагогикалық бағытта қызмет атқарып келеді.

Ғылыми жұмыстар мен оқу барысына 30 елден 150-ден астам шетелдік профессор мен ғалымдар тартылған.

Университетте әлемнің 58 елінен келген 4,5 мыңға жуық шетелдік студент жастар білім алуда.

Біздің мақсатымыз – тәрбие мен білімді ұштастыра отырып, адамгершілік, адалдық қағидаттарын жас ұрпақтың бойына сіңіру.

Елдің бірлігі мен татулығы әділетті Қазақстанды қалыптастыратын негізгі құндылықтарымыздың қатарында тұруы тиіс.

Көпұлтты халқымыз бейбіт қоғамда өмір сүріп, кемел келешекке ұмтылуда.

Дала данышпаны, адамзаттың «Екінші ұстазы» атанған Әбу Насыр әл-Фараби «Жақсы­лыққа жетудің жолы – адамдар арасындағы достық қарым-қатынас» деп ой түйсе, ұлы Абай «Бірлік –  ақылға бірлік, малға бірлік емес» деп тұжырым жасаған.

Бірлігіміз жарасып, ынтымағымыз арта берсін!

Сіздерге мықты денсаулық, отбасыларыңызға құт-береке, еңбектеріңізге табыс тілеймін!

Құрметпен,

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің

Басқарма Төрағасы – Ректор Жансейіт ТҮЙМЕБАЕВ