Жасыл технологиялар бойынша тәжірибе алмасу

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың география және табиғатты пайдалану факультетіне KOVA GHG (Korea Verification Association of Greenhouse Gas) және KQA (Korea Quality Assurance) жетекші оңтүстіккореялық ұйымдарының өкілдері жұмыс сапарымен келді.
KOVA GHG төрағасы және KQA вице-төрағасы, PhD докторы Чжун-Иль Сонг басқарған делегация факультет ғалымдарымен кездесті. Тараптар парниктік газдардың шығарындыларын бақылау және азайту, экологиялық технологияларды енгізу және Алматы қаласында қалалық орта мен экожүйелерді қалпына келтіру жобаларын бірлесіп жүзеге асыру мүмкіндіктерін талқылады.
Делегация өкілдері Оңтүстік Кореяның қатысуымен Моңғолияда іске асырылған орман алқабын ұлғайту жобасы бойынша тәжірибелерімен бөлісті. Бұл жоба қатаң климаттық жағдайда орман өсіру мен экожүйені сақтау мүмкіндігін көрсетті. Осы тәжірибе қазақстандық әріптестермен бірге жүзеге асырылуы мүмкін бірлескен жобаларды талқылауға негіз болды. Мұндай жобалар арнайы таңдалған ағаштардың көмірқышқыл газын сіңіруге ықпал ететінін атап өтті.
Қонақтарға факультеттің ғылыми және техникалық әлеуеті, оның ішінде 10 ғылыми-зерттеу зертханасы және Қытай-Казақстан бірлескен зертханасы таныстырылды. Университеттің суперкомпьютерлік кешенінің мүмкіндіктеріне, соның ішінде экологиялық модельдеуді, кеңістіктік талдауды және климаттық тәуекелдерді бағалауды жүзеге асыру мүмкіндіктеріне ерекше назар аударылды.
Кездесудің қорытындысы бойынша тараптар БҰҰ-ның 2030 жылға дейінгі тұрақты даму күн тәртібі аясында, сондай-ақ ТДМ 13 – «Климаттың өзгеруіне қарсы күрес» және ТДМ 15 – «Жер экожүйелерін сақтау» бағыттарын жүзеге асыру шеңберінде ғылыми бастамаларды бірлесіп іске асыруға негізделген ұзақ мерзімді ынтымақтастық орнатуға қызығушылық танытты.
Жоба туралы қосымша ақпарат төмендегі сілтемеде: https://www.youtube.com/watch?v=i_w_b4s2svw.
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі
Басқа жаңалықтар
