Қытайлық әріптестермен ынтымақтастықты дамытуFarabi University

Қытайлық әріптестермен ынтымақтастықты дамыту

15 мамыр, 2025

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетіне Қытайдың Линьи қаласындағы Сауда департаменті делегациясы арнайы жұмыс сапарымен келіп, оқу ордасының басшылығымен кездесті.

Делегацияны Linshang Co.,Ltd. Шаньдун халықаралық көрме компаниясының бас директоры Ли Чжэньцзюэ бастап келді.

Тараптар серіктестікті нығайтуға, білім мен ғылым саласындағы байланыстарды тереңдетуге баса мән бере отырып, ҚазҰУ мен Қытай ЖОО-лары арасындағы қарым-қатынастың қазіргі жай-күйі мен даму перспективасын жан-жақты талқылады. 

Құрметті қонақтарды Басқарма мүшесі – ғылыми-инновациялық қызмет жөніндегі проректор Марғұлан Ибраимов қарсы алып, ҚазҰУ-дың ғылыми инфрақұрылымымен таныстырды.

Проректор Марғұлан Ибраимов ҚазҰУ-дың қытайлық университеттермен әріптестік байланысы бүгінде жаңа бағытта дамып келе жатқанын атап өтті.

Өз кезегінде Ли Чжэньцзюэ ілтипат білдіргені үшін алғыс айтып, ғылыми бағытта университетпен ынтымақтастықты жандандыруға дайын екендіктерін жеткізді.

Қытайлық әріптестер білім ордасындағы Жерді қашықтықтан зондтау орталығы, Суперкомпьютер орталығы, Farabi HUB және университеттің басқа да ғылыми инфрақұрылымдарын аралап, ғалымдармен тәжірибе алмасты.

Делегацияның ҚазҰУ-ға жұмыс сапары ертең де жалғасады. Жүздесу аясында тараптар ақпараттық технологиялар, жасанды интеллект, жаңа ғылыми әзірлемелер бойынша өзара тиімді ынтымақтастықты дамыту бағыттарын талқылап, стартап жобаларының көрмесімен танысады.

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі