МАЛАЙ ТІЛІ – ШЫҒЫСТАНУ ФАКУЛЬТЕТІНІҢ ЫНТЫМАҚТАСТЫҒЫНЫҢ ЖАҢА КӨКЖИЕКТЕРІFarabi University

МАЛАЙ ТІЛІ – ШЫҒЫСТАНУ ФАКУЛЬТЕТІНІҢ ЫНТЫМАҚТАСТЫҒЫНЫҢ ЖАҢА КӨКЖИЕКТЕРІ

16 мамыр, 2025

Қазақстан мен Малайзия 1992 жылы дипломатиялық қатынастар орнаған сәттен бастап тұрақты байланыстарды қолдап келеді. Екі ел де Ислам Ынтымақтастық Ұйымы, Қосылмау қозғалысы сияқты халықаралық және өңірлік ұйымдардың белсенді мүшелері. Қазақстан Оңтүстік-Шығыс Азия мен Орталық Азия елдері арасындағы маңызды байланыстырушы буын ретінде ерекшеленеді.

Қазақстандық студенттердің малайзиялық университеттерге деген қызығушылығының артуына байланысты Шығыстану факультеті малай тілі бағытын ашу және бірлескен бағдарламалар құру мәселесін қолға алуда.

Осыған байланысты Universiti Malaya университетімен онлайн форматта дөңгелек үстел өтті. Кездесуге келесі тұлғалар қатысты: Тілдер және лингвистика факультетінің деканы – профессор, доктор Суриндерпал Каур; малай тілдері және қолданбалы лингвистика кафедрасының меңгерушісі – доктор Эланттамил Марутай; малай тілі оқытушылары/үйлестірушілер – доктор Амир Рашад Мустаффа және доктор Норфайзал Джамейн; факультеттің интернационалдандыру бөлімінің өкілі – Рабиатуль Адавия Саллех.

әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті тарапынан сөз сөйлегендер: Шығыстану факультетінің деканы, доцент Наталья Борисовна Ем; Азия зерттеулері институтының директоры, профессор Герман Николаевич Ким; Қиыр Шығыс кафедрасының меңгерушісі, PhD Абаган Әкерке Болатбекқызы; Таяу Шығыс және Оңтүстік Азия кафедрасының профессоры, тарих ғылымдарының докторы, профессор Надирова Гүлнар Ермуратовна; Шығыстану факультетінің диссертациялық кеңесінің ғылыми хатшысы, PhD Белялова Айгерім Ермекқызы; философия және саясаттану факультетінің дінтану және мәдениеттану кафедрасының меңгерушісі Құрманалиева Айнұр Дүрбеленқызы; халықаралық ынтымақтастық департаментінің жетекші маманы Ашимова Айтолқын.

Кездесу барысында келесі келісімдерге қол жеткізілді:

Тараптар университеттер арасындағы ресми ынтымақтастықты орнату мақсатында Өзара түсіністік туралы меморандум (MoU) дайындау және қол қою жөнінде уағдаласты. Universiti Malaya университетінен оқытушыны шақыру туралы келісім жасалды. Қазақ ұлттық университеті малай университетінен оқытушыны шақырып, оқу үдерісіне тартуға және білім беру бағдарламаларын дамытуға мүдделі екенін білдірді. Келесі оқу жылынан бастап ҚазҰУ-да малай тілі курсы іске қосылады.

Сонымен қатар, тараптар ғылыми зерттеулер, бірлескен жарияланымдар мен докторанттарға ғылыми жетекшілік ету бағытындағы ынтымақтастық мәселелерін талқылады. Бірлескен жазғы және қысқы мектептерді өткізу мерзімі белгіленді, Universiti Malaya университетінде қазақ тілін оқыту, ҚазҰУ-да орыс тілін оқитын малайзиялық студенттердің тағылымдамасы мәселелері қарастырылды.

Қазақстан мен Малайзияның университеттері білім беру саласындағы стратегиялық серіктестік үшін зор әлеуетке ие. Екіжақты ынтымақтастықты тереңдету тараптарға өзара пайда әкеліп, өңірлік және халықаралық деңгейдегі ұстанымдарын нығайта түседі.