Жас ғалымдарды қолдау артадыFarabi University

Жас ғалымдарды қолдау артады

26 мамыр, 2025

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде Қазақстан Республикасы Кіші ғылым академиясының (КҒА) 49-шы республикалық ғылыми-тәжірибелік конференциясы өтті. Іс-шара ҚР Ұлттық ғылым академиясының қолдауымен ұйымдастырылды.

Іс-шараға ҚР Президенті жанындағы Ұлттық ғылым академиясының Білім беру және қоғамдық даму ғылымдары орталығының бас академиялық қызметкері Рашид Сеитов, КҒА вице-президенті Валентина Грищенко, жетекші ғалымдар мен сарапшылар, сондай-ақ КҒА мүшелері – Алматы мен Қазақстанның өңірлеріндегі мектеп оқушылары, колледж және ЖОО студенттері қатысты.

Қонақтар мен қатысушыларға арналған құттықтау сөзінде ҚазҰУ-дың ғылыми-инновациялық қызмет жөніндегі проректоры міндетін атқарушы Марғұлан Ибраимов КҒА-ның оқушылар мен студенттерді ғылыми қызметке тартудағы маңызды рөлін атап өтті. Бүгінде ел ғалымдары және білім беру ұйымдарымен тығыз ынтымақтастықтың арқасында дарынды жастарды қолдаудың тиімді жүйесі қалыптасқан. Бұл жүйе зерттеу дағдыларын дамытуға және болашақ ғылыми кадрларды даярлауға ықпал етеді.

«Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ мектеп оқушыларының зерттеушілермен өзара қарым-қатынас жасауына және түрлі жобаларды жүзеге асыруына ғылыми-білім беру базасын ұсынып келеді. Біз ғылымға қызығушылықты ерте жастан дамыту қажет деп есептейміз, ал «Мектеп – ЖОО – ҒЗИ» моделі – осы идеяның жарқын көрінісі. Біздің университет – жай ғана білім ордасы емес, идеялар мен инновациялар пайда болатын, Қазақстанның болашағы қалыптасатын ғылыми экожүйе. Біз әрқашан жас таланттар мен олардың идеялары мен ұмтылыстарына ашықпыз», – деді проректор М.Ибраимов.

Конференцияның пленарлық отырысы механика-математика факультетінің Ө.А.Жолдасбеков атындағы үлкен залында өтті. 14 тақырыптық секцияның жұмысы университет факультеттерінде бейінді ғылыми бағыттар бойынша ұйымдастырылды.

Аймақтық іріктеудің нәтижелері бойынша конференцияда физика-техникалық, химия-биологиялық, филологиялық, қоғамдық және гуманитарлық ғылымдар бағыттары бойынша шамамен 120 ғылыми баяндама ұсынылды.

Кәсіптік бағдарлау бағдарламасы аясында қатысушылар университеттің Farabi Chem Science, Farabi Hub, Farabi Robotics және Жерді қашықтықтан зондтау орталығын және ғылыми зертханалары мен инновациялық алаңдарын аралады.

Конференция қорытындысында қатысушылар мен жеңімпаздар дипломдармен, алғыс хаттар және сыйлықтармен марапатталды.

ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі