Ана тілі

12 ақпан, 2016

«Құнанбай» фильмі көрсетілді

Ана тілі: 11.02.2016

Ө.А.Жолдасбеков атындағы Студенттер сарайында «Отандық кино күні» жобасы аясында «Құнанбай» фильмінің көрсетілімі өтті. Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті отандық киноны дамыту аясында ұйымдастырған дәстүрлі іс-шарада киноның режиссері әрі басты рөлді сомдаған актер Досхан Жолжақсыновтың өзі де болды.

Құнанбай заманының негізгі өзегін көрсете білген фильм бір ай 18 күнде түсіріліп біткенімен, оған дайындық 5 жылға созылған.

Көркем фильмнің алғаш тұсаукесері өткен жылдың көктемінде өтсе, ал таяуда кино отандық прокатқа шықты. Дей тұрғанмен, туынды жер-жерден өзінің әділ бағасын алып жатты. ХІ «Еуразия» халықаралық кинофестиваліне НЕТПАК ұсынған «Үздік Орта Азия фильмі» аталымы бойынша Досхан Жолжақсыновтың «Құнанбай» фильмі үздік деп танылды.

Көпшілік көрерменге арналған фильм­ге жас­тардың берер бағасын білу үшін Д.Жолжақсынов көр­сетілімнен кейін көркем туындыға байланысты қойылған сұрақтарға жауап беріп, киноин­дус­триядағы алға қойған жоспарларымен бөлісті. «Өнер – ол өмір емес, ол өмірден де асқақ. Сондықтан болар кинода ойналған тұлғаларды біз қарабайырландыра алмаймыз, иеленіп те кете алмаймыз. Ол бізге үлкен бойтұмардай қалбыл­данғаны былай тұрсын, ол біздің әрқайсысымызға артылған үлкен жауапкершілік, – деді ­Досхан Жолжақсынов, – Мен Алаш зиялылары туралы, Тұмар ханшайым жайлы үлкен көркем туынды түсіргім келеді. Әрине, ол ойда бар дүние. Бірақ, бәрі уақыттың еншісінде».

Кездесу соңында ҚазҰУ студенттері қазақтың қамын ойлаған біртуар азамат жайлы түсірілген кинодан алған әсерлерімен бөлісіп, Д.Жолжақсыновқа алғыстарын білдірді.