Құқықтық білім саласында тәжірибе алмасуFarabi University

Құқықтық білім саласында тәжірибе алмасу

27 мамыр, 2025

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің Басқарма Төрағасы – Ректор Жансейіт Түймебаев Қытай саяси ғылымдар және құқық университетінің кеңес төрағасы Цзян Цзэтин бастаған делегациямен кездесті.

Жүздесуде тараптар екіжақты ынтымақтастықты одан әрі дамытуға ниет білдіріп, білім беру қызметіндегі серіктестіктің басым бағыттарын талқылады.

Оқу ордасының басшысы Жансейіт Түймебаев Қытай саяси ғылымдар және құқық университетімен әріптестік байланысты нығайтуға дайын екенін жеткізді. Сондай-ақ ректор жемісті ынтымақтастық пен өзара іс-қимылды кеңейтуге бағытталған барлық бастамаларды қолдауға ниетті екенін атап өтті.

«Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті Қытай ЖОО-ларымен тығыз байланыста. Күн санап арадағы серіктестік қарқынды дамып келеді. ҚазҰУ базасында заң, философия және саясаттану факультеттері табысты жұмыс істейді. Білікті мамандар мен ғалымдар жеткілікті. Қос университет осы бағыттағы жұмыстарды жандандыруы аса маңызды деп санаймын», – деді ректор

Өз кезегінде Цзян Цзэтин ҚазҰУ басшысының ұсыныстарын қолдайтынын айтып, Қытай саяси ғылымдар және құқық университеті туралы ақпаратпен бөлісті.

Келіссөз нәтижесінде қос тарап білім және ғылым саласындағы ынтымақтастықты арттыру, оқытушылар мен студенттер үшін академиялық ұтқырлық мүмкіндіктерін кеңейту бойынша уағдаластыққа қол жеткізді.

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі