
Қазақстан мен Оңтүстік Корея арасындағы ынтымақтастықтың жаңа кезеңі ретінде Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-да профессор Сон Ю Джонгтың оқытушылық қызметін бастауын атап өту маңызды оқиға. Бұл бастама екі ел арасындағы білім беру және мәдени алмасуды дамытуға бағытталған үлкен қадам.
Осы бағытта өткен жылдың қазан айында ҚазҰУ мен Korea Foundation арасында 2025 жылдың 20 қаңтары мен 2026 жылдың 31 тамызы аралығында Korea Foundation қаржылық қолдауымен шақырылған профессорды шығыстану факультетінің Қиыр Шығыс кафедрасына жіберу туралы келісімге қол қойылған болатын. Korea Foundation (Корея қоры) бұл үрдісті қолдап, көптеген жобаларға демеушілік жасап келеді.
Осы келісім аясында Ханкук шет тілдер университетінің профессоры Сон Ю Джонг Қиыр Шығыс кафедрасына келіп, студенттерге дәріс пен тәжірибелік сабақтар жүргізе бастады.
Профессор Сон Ю Джонг студенттерімізге білім беру жүйесіндегі жаңа көзқарастар мен әдіс-тәсілдерді үйрете отырып, корей университетінің білім жүйесімен таныстыруда. Шетелдік профессордан білім алу біздің білімгерлеріміз үшін өте тиімді. Өйткені шетелдік оқытушылардың дәрістеріне офлайн режимде қатысып, олармен бірге қоян-қолтық жұмыс істеу білім алушылардың дүниетанымын кеңейтіп, түрлі тілдер мен мәдениеттерге деген қызығушылығын арттырады. Бұл өз кезегінде қазақстандық жастардың халықаралық деңгейде білімі мен мәдениетаралық коммуникация дағдыларын арттыруға ықпал етеді.
Профессор Сон Ю Джонг – корейтану саласындағы танымал ғалым, көптеген елдерде білім мен мәдениет алмасуына үлес қосқан тұлға. Оның Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-да дәріс оқуы тек корейтану мен корей мәдениеті жайлы білім берумен шектелмей, сонымен қатар қазақ тілі мен мәдениетіне деген қызығушылықты оятуға бағытталған үлкен қадам. Оның пікірінше, қазақ тілі – әлемнің көптеген тілдеріне ұқсастықтар мен өзіндік ерекшеліктері, терең философиялық мәні бар тіл. Бұл тілдің корей және басқа да түркітілдес халықтармен ортақ мәдениетаралық байланыстарды нығайтуда маңызды рөл атқаратынын айтады. Соның дәлелі ретінде ол қазақ тілін үйреніп, қазақ тілінде сөйлеп, өз ойын қазақ тілінде жеткізуге тырысады.
Сон Ю Джонг профессордың бұл сапары Қазақстанға бірінші мәрте емес. Ол елімізге 1999 жылы келіп, корей тілін оқытуды және қазақ тілін меңгеруді бастаған болатын. Сол кездері қазақ тілінде сөйлейтін ортаның аздығы қатты қынжылтқан, ал қазір қазақ тілінде сөйлейтін жастарды өте көп кездестіруге болады. Ол: «Тіпті қоғамдық жерлерде, көлікте, демалыс орындарында барлығы қазақ тілінде сөйлейтіні қатты қуантты», – деп өзінің пікірін білдірді.
Үмітай ӘМІРБЕКОВА,
Жанар ЖАХАНОВА,
Қиыр Шығыс кафедрасының аға оқытушылары
Басқа жаңалықтар
