Салауатты өмірді жоспарлау: әсері мен тиiмдi тәсiлдерi

Қазiр көпшілік денсаулыққа ерекше назар аудара бастады. Халық саналы түрде дене шынықтырудың және дұрыс тамақтанудың маңызын түсiнiп, салауатты өмiр салтын ұстануға ұмтылуда. Дегенмен денсаулықты күту жолында көп адам бастапқы кезеңде мотивациямен әрекет етiп, алайда уақыт өте келе оны жоғалтып, дағдыны жалғастырудан бас тартады. Осыған орай, бұл мақалада салауатты өмiр салтын қалай дұрыс жоспарлауға болатынын және оны мықты дағдыға айналдырудың тиiмдi жолдарын қарастырамыз.
1. Өзіңіз қалаған нәтижені анықтау
Салауатты өмiр салтын ұстану үшiн алдымен қандай өзгерiстерге қол жеткiзгiңiз келетінін анықтау қажет. Өзiңiздi болашақта қалай елестететiнiңiздi ойлап, нақты мақсаттар қойыңыз. Мысалы, «мен үш айдан кейiн өзiмдi энергияға толы, спорттық қалыпта сезiнгiм келедi» немесе «мен күн сайын 30 минут жаттығу жасау дағдысын қалыптастырамын» деген тәрiздi анық мақсат құру маңызды.
2. Нақты мерзiм белгiлеу
Мақсатқа жету үшiн оған белгiлi бiр уақыт беру қажет. Жай ғана «мен салауатты өмiр салтын ұстанамын» деп емес, «мен алты ай iшiнде дұрыс тамақтануды әдетке айналдырамын» деп нақты мерзiмдi анықтаңыз. Бұл тәсiл мотивацияны жоғалтқан кезде де әрекет етудi жалғастыруға көмек бередi.
3. Уақытты тиiмдi жоспарлау
Мақсатқа жетудiң маңызды қадамдарының бiрi – уақытты дұрыс ұйымдастыру. Оны айға, аптаға және күнге бөлiп, кiшiгiрiм мiндеттер қою қажет. Мысалы, 1-апта: күніне 10 минут жаттығу жасау, тәттi тағамдарды азайту. 2-апта: жаттығу уақытын 20 минутқа арттыру, көкөністерді көбірек тұтыну. 3-апта: күніне 1 келі салмаққа 30 миллилитр су iшу дағдысын қалыптастыру. Сонда егер салмағыныз 50 келі болса, оны 30 мл-ге көбейтіп, өзіңіздің ішуге тиісті күнделікті су мөлшерін анықтай аласыз.
4. Мотивация мен тәртіп арасындағы байланыс
Мотивация – салауатты өмiрге бастайтын қозғаушы күш. Алайда ол ұзақ мерзiмдi нәтиже беретiн сенiмдi құрал емес. Сондықтан мотивация азайған кезде тәртіпке сүйену керек. Тәртіп – тұрақты нәтижеге жетудiң негiзгi факторларының бiрi. Оны қалыптастыру үшiн күнделiктi жоспар құрып, оны бұлжытпай орындау маңызды.
5. Салауатты өмiрдiң өмiрлiк маңызы
Cалауатты өмiр салты уақытша үрдіс емес, өмiрiмiздiң ажырамас бөлiгi болуы керек. Өз денсаулығымызға қамқор болу арқылы болашақ ұрпаққа да дұрыс үлгi көрсете аламыз. Балаларымызға салауатты дағдыларды үйрету үшiн алдымен өзiмiзден бастауымыз қажет.
Салауатты өмiр салтын ұстану ұзақ мерзiмдi процестi талап етедi. Нақты мақсат қою, уақытты дұрыс жоспарлау, тәртіп пен мотивацияны қатар алып жүру – бұл әдетті берік қалыптастырудың басты қадамдары. Өмiр сапасын жақсарту – әркiмнiң өз қолында. Ең бастысы – кiшiгiрiм қадамдармен бастау және тоқтап қалмау.
Толқын БОРАНБАЙ,
Денсаулық сақтаудағы
саясат және ұйымдастыру кафедрасының
оқытушысы
Басқа жаңалықтар
