Қос университет арасындағы ынтымақтастық

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті мен Қазақ ұлттық аграрлық зерттеу университеті арасындағы білім беру саласындағы ынтымақтастық аясында құқықтану білім беру бағыты бойынша ғылыми қонақ-дәріс ұйымдастырылды. Бұл шара ҚазҰУ-дың Кеден, қаржы және экологиялық құқық кафедрасының ұйытқы болуымен ҚазҰАЗУ-дың «Құқықтану» БББ 3-курс студенттеріне арналған болатын. Дәрісті з.ғ.д., профессор Г.Қуаналиева, з.ғ.к., доцент Б.Қалымбек жүргізді.
«Лайықты жұмыс және экономикалық өсу: еңбек құқықтары мен әлеуметтік саясаттың рөлі» тақырыбындағы дәрісте жұмыс нарығындағы өзекті мәселелер мен еңбек құқықтарының, әлеуметтік саясаттың және экономикалық өсу арасындағы өзара байланыс талқыланды. Сондай-ақ қоғамдағы әлеуметтік және экономикалық тұрақтылықты қамтамасыз ету тұрғысынан еңбек заңнамасының маңыздылығын ашып көрсетті.
ҚазҰУ мен ҚазҰАЗУ арасындағы ынтымақтастық білім беру, ғылыми зерттеулер және кәсіби мамандарды даярлау саласында маңызды рөл атқарады. Екі университет арасындағы қарым-қатынас білім беру бағдарламаларының сапасын арттыруға, студенттерге халықаралық стандарттарға сай терең білім беру мүмкіндіктерін ұсынуға бағытталған.
Профессор Г.Қуаналиева дәріс барысында еңбек құқығы мен әлеуметтік саясаттың әлемдік тәжірибеге негізделген аспектілерін талқылап, еңбек құқықтарын қорғау мен әлеуметтік саясаттың экономикалық даму мен халықтың әл-ауқатын арттырудағы маңызын атап өтті. Оның пайымынша, тиімді еңбек заңнамасы мен әлеуметтік саясаттың үйлесімді жүзеге асуы экономикалық өсуге, жұмыссыздық деңгейінің төмендеуіне және әлеуметтік теңсіздікті азайтуға септігін тигізеді.
Қауымдастырылған профессор Б.Қалымбек еңбек құқығының жұмысшылардың әлеуметтік құқықтарын қорғаудағы орны мен рөліне тоқталып, бұл құқықтардың экономикалық дамуға әсерін ғылыми тұрғыда негіздеді. Ол еңбек құқықтарын қорғау мен әлеуметтік саясаттың тиімділігін арттыру жолдары туралы кең ауқымды ой-пікірлерін ортаға салды.
Эльвира ҚУАНДЫҚОВА,
PhD докторы
Басқа жаңалықтар
