Адольф Арцишевскийдің "Бигельды Габдуллин: Право на исповедь" атты кітабының екінші басылымы таныстырылды
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ кітапханасында Адольф Арцишевскийдің "Бигельды Габдуллин: Право на исповедь" атты кітабының екінші басылымы таныстырылды. Деректі роман-эссе «Великое кочевье» кітабының авторы, публицист Бигелді Ғабдуллиннің – өмір жолына арналған. Бигелді Ғабдуллин – белгілі жазушы, журналист, бас редактор және «Новое поколение», «XXI век», «Central Asia Monitor» сияқты республикалық газеттерінің шығарушысы. Қазақ ПЕН-клубының президенті. «Великое кочевье» кітабының авторы.
Адольф Арцишевский – белгілі ақын, қазақстандық алғашқы «Перекресток» сериалының бас редакторы, Жазушылар одағының мүшесі неліктен оны дәл осы тақырып қызықтырғанын, нақтырақ айтқанда адам еркі мен замандасының алға деген ұмтылысы жайлы айтып берді. Өмірде әрқашан өз орны бар – сенім, достық және махаббат туралы да сөз қозғады.
«Бигелді Ғабдуллин мен Адольф Арцишевскийдің шығармашылығы замандастарымыздың өмірі және журналистиканың қиындықтар мен қауіпқатерге толы мамандық екенін тануға мүмкіндік берді. Аталмыш кітап жас буынға үлкен үлгі болады деп білемін. Кітапты мен де асқан қызығушылықпен оқып шықтым», – деді кеш тізгінін ұстаған әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің ректоры Ғалым Мұтанов.
Кітаптың тілдік ерекшеліктеріне ҚазҰУ профессоры, ф.ғ.д. Аслан Жақсылықов тоқталды: «Автордың көп томды архив беттерін зерттегені көрініп ақ тұр. Кітап сырлы сезімге толы. Көкшетаудың сұлулығы асқан шеберлікпен суреттелген. Автордың өзіндік ерекшелігі кітаптың тілдік жеңілдігімен, энциклопедиялық нақтылығымен сипатталады».
Кездесу барысында Бигелді Ғабдуллинге сөз кезегі келгенде кітаптың бас кейіпкері студенттер мен кеш қонақтарының өмірлік тәжірибеге, қызметіне, журналистің кәсіби этикасына байланысты бірқатар сұрақтарына жауап берді. Сұрақ қою барысында өскелең ұрпақтың белсенділігі байқалды. Әл-Фараби кітапханасы осы кеште ғылыми зиялы қауымды, оқытушы-профессорлық құрамды, студенттерді, қоғам қайраткерлері мен журналистерді бір шаңырақ астына жинады.
ҚазҰУ, Баспасөз қызметі