«Елімнің рәміздері» байқауының жеңімпаздары марапатталды

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті қызметкерлерінің «Парасат» кәсіподағы 4 маусым – Қазақстан Республикасының Мемлекеттік рәміздері күніне арналған «Елімнің рәміздері» атты шығармашылық байқаудың қорытындысын жариялады.
Байқау оқу орны қызметкерлерінің балалары арасында ұйымдастырылды. Оған 200-ден астам бала қатысып, өнерге, Отанға деген сүйіспеншілігін білдірді.
Шара Мемлекеттік рәміздердің қадір-қасиетін жас ұрпақ санасына сіңіру, отансүйгіштікке баулу және балалардың шығармашылық қабілетін дамыту мақсатында ұйымдастырылды.
Қатысушылар екі түрлі бағытта өнер сайысына түсті. «Қазақстанның рәміздері» атты сурет және қолөнер байқауында балалар өз елінің Туы, Елтаңбасы мен Әнұраны бейнеленген шығармашылық жұмыстарын ұсынды.
Екінші бағыт – «Еліміздің мақтан тұтар рәміздері» деп аталып, қатысушылар Қазақстанның рәміздері туралы жырлар мен өлеңдерді нақышына келтіре орындады. Екі бағыт бойынша қатысушылар жас ерекшелігіне қарай 3-6 жас, 7-10 жас және 11-15 жас санатына бөлінді. Нәтижесінде әр номинация бойынша үздіктер анықталды.
Жеңімпаздар мен жүлдегерлер «Парасат» кәсіподағы тағайындаған арнайы диплом, алғыс хат және бағалы сыйлықтармен марапатталды.
Шара барысында қатысушылар мен ата-аналар ұйымдастырушыларға алғысын жеткізіп, мұндай игі бастамалар балалардың шығармашылық және рухани дамуына көрсетілген қолдау екенін атап өтті.
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі
Басқа жаңалықтар
