
Құрметті Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ ұжымы, білім алушы жастар!
Сіздерді күллі мұсылман жұртшылығы үшін қасиетті саналатын Құрбан айт мерекесімен шын жүректен құттықтаймын!
Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев өз құттықтауында: «Құрбан айт – ырысты ынтымақтың мерекесі. Біз еліміздегі тұрақтылықтың қадірін біліп, татулықты сақтау арқылы кез-келген сыннан сүрінбей өтіп, биік мақсаттарға жетеміз. Әділетті, Таза, Қауіпсіз әрі Қуатты Қазақстанды бірге құрамыз», – деп атап өтті.
Шынында, Құрбан айт – тек құрбан шалу рәсімі ғана емес, бұл – имандылықты, жанашырлық пен жомарттықты, бауырмалдық пен бірлікті ұлықтайтын ұлық мереке. Бұл күндері адамдар бір-біріне жақсылық жасап, мұқтаж жандарға көмек қолын созып, жүректерді мейірім мен ізгілікке толтырады.
Қасиетті айт күндері отбасылардың берекесі артып, елдің ынтымағы нығайып, адамзаттың рухани құндылықтары жаңғырады. Құрбан шалу арқылы біз тек діни міндетімізді ғана емес, сонымен қатар жанашырлық пен жауапкершілікті де қатар сезінеміз. Бұл – қоғамдағы өзара түсіністік пен бейбіт өмірдің берік негізі.
Осы игі мерекеде елімізге амандық, жұртымызға тыныштық, әрбір шаңыраққа шаттық, құт-береке тілейміз. Жақсылықпен басталған істеріңіз жемісті болсын, ізгі ниеттеріңіз қабыл болсын! Құрбан айт әрбір азаматтың жүрегіне қуаныш, сенім және үміт сыйласын!
Құрбан айт құтты болсын!
Ізгі тілекпен,
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ
Басқарма Төрағасы – Ректор Жансейіт Түймебаев
Басқа жаңалықтар

