
Иранның Оңтүстік Хорасан провинциясында орналасқан Бирджанд университетінде «Ирантану және Шығыс Иранды зерттеу мәселелері» атты І халықаралық ғылыми конференция өтті.
Халықаралық деңгейдегі бұл шараға Иранмен тарихи әрі мәдени байланысы терең Орталық Азия елдері – Қазақстан, Өзбекстан, Қырғызстан және Тәжікстаннан келген ирантанушы ғалымдар қатысты.
Қазақстаннан конференцияға Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің Таяу Шығыс және Оңтүстік Азия кафедрасының атынан ирантанушы ретінде қатысып, «Ұлы Жібек жолы: Қазақстан мен Иранның мәдени және әдеби байланыстары» атты тақырыпта баяндама жасадым. Баяндамада Ұлы Жібек жолының екі халық арасындағы әдеби және мәдени ықпалдастықты дамытудағы тарихи маңызына тоқталып, ортақ мұраларды зерттеу қажеттілігі атап өтілді. Конференция барысында делегаттарды ресми түрде қарсы алған Бирджанд университетінің ректоры Ахмад Ламеи мырза қонақтарға оқу орнының тарихы, қазіргі ғылыми әлеуеті және халықаралық байланыстары жөнінде кеңінен мәлімет берді. Ол университеттің шетелдік студенттерді оқыту бағдарламалары, оқытушылар алмасу бастамалары және бірлескен ғылыми жобаларға қолайлы мүмкіндіктері бар екенін жеткізді.
Ректор халықаралық әріптестікке ерекше назар аударылып отырғанын атап өтті. Іс-шара аясында делегаттар Мешхед қаласындағы Фердоуси университетіне арнайы сапар жасап, ондағы әдебиет және гуманитарлық ғылымдар факультетінің оқытушылары және студенттерімен кездесті. Бұл кездесу академиялық ынтымақтастықты арттырып, болашақ ғылыми жобаларға негіз қалау мақсатында ұйымдастырылды. Аталған конференцияға Орталық Азия елдерінің сарапшыларын шақыруға бастамашы болған және ұйымдастырушылық қолдау көрсеткен Хорасан аймағының жетекші ақпарат агенттігі – Farsnews. Агенттік ғылыми байланыстарды нығайтуға, аймақаралық диалогты дамытуға және ирантану ғылымының халықаралық кеңістікте дамуына ерекше үлес қосып келеді. Аталған конференция ирантану саласындағы ғылыми ықпалдастықты нығайтып, Орталық Азия мен Иран арасындағы рухани және білім саласындағы әріптестікті жаңа деңгейге көтеруге ықпал етті.
Гүлбақыт ҚАЛИЗАТҚЫЗЫ,
Таяу Шығыс және Оңтүстік Азия кафедрасының
аға оқытушысы, PhD
Басқа жаңалықтар


