«Золотое Яблоко» ҚазҰУ-мен бірлесіп, қызметкерлеріне қазақ тілі курсын іске қосты
Бьюти-ритейлер «Золотое Яблоко» өз қызметкерлері үшін тегін қазақ тілі курсын іске қосты. Білім беру бағдарламасы еліміздің ең ірі ұлттық жоғары оқу орны – әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетімен (ҚазҰУ) серіктестікте жүзеге асырылуда. Сабақтар мамыр айында басталды. «Золотое Яблоко» қызметкерлерінің қазақ тілін тереңдетіп меңгеруі үшін университетті серіктестікке шақырған алғашқы компания болды.
«Золотое Яблоко» Қазақстан Республикасында 2022 жылдан бері жұмыс істейді. Компания тілдер туралы заңнамаға толық сәйкес келетін екі тілді коммуникация саясатын ұстанады. Ритейлердің қолдау қызметі клиенттердің сұранысына қазақша да, орысша да жауап береді. Барлық дүкендерде кеңес беру екі тілде де қолжетімді. Сондай-ақ, сайт пен қосымша да қазақ және орыс тілдерінде жұмыс істейді. Компания екі тілділікті қолдау және мәдени құндылықтарды бизнес-процестерге біріктіру бастамаларын одан әрі жалғастырады. Бұл – Қазақстан нарығында әлеуметтік жауапты жұмыс беруші және сенімді серіктес ретіндегі мәртебесін дәлелдейді.
Қазақстандағы «Золотое Яблоко» штатында шамамен 1300 адам жұмыс істейді – команда еліміздің азаматтары мен тумаларынан құралған. Қызметкерлерге жүргізілген сауалнама олардың тек бір бөлігі ғана қазақ тілін жеткілікті деңгейде меңгергенін көрсетті. Тіл иелерінің көпшілігі оны негізінен тұрмыстық жағдайда қолданатынын және кәсіби тілдік құзыреттілікті дамыту қажеттігін атап өтті. Қызметкерлердің шамамен жартысы, егер жұмыс беруші мүмкіндік берсе, қазақ тілін нөлден бастап үйренуге немесе білім деңгейін көтеруге дайын екенін білдірді.
Арнайы «Золотое Яблоко» қызметкерлері үшін жоғары филологиялық білімі және PhD дәрежесі бар ҚазҰУ маманы қазақ тілі курсын әзірледі. Бағдарлама үш негізгі кезеңнен тұрады: негіздері (айтылым, грамматика және күнделікті қарым-қатынасқа арналған сөздік қор), кәсіби лексика мен диалогтар, тыңдалым. Болашақта тілді тереңдетіп оқытуға арналған бағдарлама әзірлеу жоспарда бар.
Курстарға жазылу ерікті және барлық тілек білдірушілер үшін ашық. Алғашқы кезеңде бағдарлама шағын топта сынақтан өтіп, ең тиімді сабақ форматы таңдалады. Ритейлер мен университет 10–15 адамнан құралған топтар жасақтайды – бұл ыңғайлы қарым-қатынас пен жеке көзқарасты қамтамасыз етеді. Сабақтар апта сайын онлайн-форматта өтеді — бұл қызметкерлердің жұмысбастылығын және әртүрлі қала мен аймақта тұратынын ескере отырып, оңтайлы шешім.
Бағдарламаға қатысу кезінде білім алуға жауапкершілік – қатысушының өзінде. Компания қатаң талап қоймайды. Университеттен сертификат алғысы келетіндер ай сайынғы білім тексеруінен өтіп, курс соңында қорытынды емтихан тапсыруы қажет.