Студенттер үйлерінің меңгерушілерімен кезекті жиналыс өтті

2025 жылдың 26 мамырында университет студенттер үйлерінің меңгерушілерімен кезекті жиналыс болып өтті. Жиынға Қаржы-шаруашылық мәселелері және инфрақұрылымды дамыту жөніндегі проректор, Басқарма мүшесі Тасыбаев Абдрахман Батырбекұлы, сондай-ақ Тұрақты әлеуметтік даму жөніндегі проректор, Басқарма мүшесі Суатай Сәбит Құрманжанұлы қатысты. Сонымен бірге студенттер қалашығы директорының орынбасары Қалшаев Есенғали Тұрлыбекұлы және студенттік қалашықтың жауапты мамандары да жиынға қатысып, өз пікірлері мен ұсыныстарын білдірді.
Кездесу барысында студенттер үйлеріндегі ең маңызды мәселелер талқыланды. Әсіресе студенттер үйлерінің меңгерушілерінің міндеттері мен қызметтері жан-жақты қаралып, санитарлық-гигиеналық жағдайлар, қауіпсіздік мәселелері, студенттер үйлерін тапсыру тәртібі, тұрмыстық техникалармен қамтамасыз ету және интернет желісінің сапасы сияқты өзекті тақырыптар кеңінен сөз болды. Әрбір меңгеруші өз студенттер үйіндегі ахуал туралы есеп беріп, шешімін күткен мәселелер бойынша ұсыныстар жасады.
Проректорлар сөз сөйлеу барысында студенттерге қолайлы жағдай жасау университет басшылығының басты назарында екенін атап өтті. Сонымен қатар, студенттер үйлерінің меңгерушілеріне студенттермен тығыз байланыста жұмыс істеу, тәртіп пен мәдениеттілікке ерекше көңіл бөлу туралы нақты тапсырмалар берілді.