Білімді ел – Образованная страна
Досхан Жолжақсынов: Өнер – өмір емес, ол өмірден де асқақ
Ө.А. Жолдасбеков атындағы Студенттер сарайында «Отандық кино күні» жобасы аясында «Құнанбай» фильмінің көрсетілімі өтті. Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті Отандық киноны дамыту аясында ұйымдастырған дәстүрлі іс-шараға киноның режиссері әрі басты рөлді сомдаған актер Досхан Жолжақсыновтың өзі де келді.
Құнанбай заманының негізгі өзегін көрсете білген фильм 1 ай 18 күнде түсіріліп біткенімен, оған дайындық 5 жылға созылған. «Дайындық барысында менің образға кіріп кеткендігім соншалық, менің мұрныма сол заманның иісі келетін болды», - дейді Досхан Жолжақсынов.
Қазақ әдебиетінің классикалық туындысы «Абай жолы» эпопеясында Құнанбай жиынтық бейне ретінде суреттеліп, қазақ зиялысы Абайдың әкесі жайлы оқырманда жағымсыз пікір қалыптасып қалған. Басты кейіпкердің фильмдегі образы Құнанбайды қазақ қоғамына басқа қырынан танытты. Тарихи деректердің негізінде түсірілген туындыда Кенесары тақырыбының қозғалғандығы, Құнанбайдың билер кеңесінде шығарған үкімдері мен айтқан байламдары «малым - жанымның, жаным - арымның садағасы» дейтін қазақ бейнесін көрсете білген.
Көркем фильмнің алғаш премьерасы 12 мамырда өтті, тек желтоқсан айында кино отандық прокатқа шықты. Дей тұрғанмен, туынды жер-жерден өзінің әділ бағасын алып жатты. ХІ «Еуразия» халықаралық кинофестиваліне НЕТПАК ұсынған «Үздік Орта Азия фильмі» аталымы бойынша Досхан Жолжақсыновтың «Құнанбай» фильмі үздік деп танылды. Көпшілік көрерменге арналған фильмге жастардың берер бағасын білу үшін Досхан Жолжақсынов көрсетілімнен кейін көркем туындыға байланысты туған сұрақтарға жауап беріп, киноиндустриядағы алға қойған жоспарларымен бөлісті.
«Өнер ол өмір емес, ол өмірден де асқақ. Сондықтан болар кинода ойналған тұлғаларды біз қарабайырландыра алмаймыз, иеленіп те кете алмаймыз. Ол бізге үлкен бойтұмардай қалбылданғаны былай тұрсын, ол біздің әрқайсысымызға артылған үлкен жауапкершілік, – деді де Досхан Жолжақсынов, – Мен Алаш зиялылары туралы, Тұмар ханшайым жайлы үлкен көркем туынды түсіргім келеді. Әрине, ол ойда бар дүние. Бірақ, бәрі уақыттың еншісінде».
Кездесу соңында ҚазҰУ студенттері қазақтың қамын ойлаған біртуар азамат жайлы түсірілген кинодан алған әсерлерімен бөлісіп, Досхан Жолжақсыновқа алғыстарын білдірді.