Сингапурмен серіктестік жаңа деңгейге шықтыFarabi University

Сингапурмен серіктестік жаңа деңгейге шықты

20 маусым, 2025

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің Басқарма Төрағасы – Ректор Жансейіт Түймебаев Сингапур ғылым орталығының делегациясымен кездесті. Тараптар Алматының балалар ғылыми мұражайы жобасын іске асыру негізінде өзара тиімді ынтымақтастықты дамыту жолдарын талқылады.

Оқу орнының басшысы Жансейіт Түймебаев қонақтарды қарсы ала отырып, екіжақты ықпалдастықты нығайтудағы маңызды жетістіктерді атап өтті. 2024 жылы Сингапурдың Қазақстанға салған жалпы инвестициясы 1,7 миллиард АҚШ долларынан асқанын, ал 2023 жылы екі ел арасындағы тауар айналымы 1,8 миллиард АҚШ долларын құрағанын мәлімдеді. Сондай-ақ екі тараптың инвестицияларды қорғау және ынталандыру жөніндегі үкіметаралық келісімді ратификациялауы маңызды екенін айтып өтті. 2024 жылдың мамыр айында Сингапурға ресми сапары кезінде ҚазҰУ ректоры Қазақстан-Сингапур ректорлары форумына қатысып, ғылым мен жоғары білім саласындағы бірлескен ынтымақтастық бағыттарын қарастырды.

Сонымен қатар ректор ҚазҰУ-дың әлемдегі жетекші ғылыми-зерттеу университеті ретіндегі статусын атап өтті. Университетте 16 факультет пен 8 ғылыми-зерттеу институты, 140 ғылыми зертхана және 29 ғылыми орталық табысты жұмыс істеуде. Сондай-ақ ректор университеттің суперкомпьютер кластерінің маңызын атап өтіп, оның өнімділігі 2000 терафлопсқа жететінін, оған қоса, Farabi HUB инновациялық орталығының іске қосылуы ғылыми идеяларды жоғары технологиялық өнімдерге айналдыруға мүмкіндік беретінін айтты. Ректор делегацияға сапарлары үшін алғыс айтып, ҚазҰУ мен Алматы балалар ғылыми мұражайы арасындағы әріптестіктің одан әрі табысқа жетуіне сенім білдірді.

Сингапур Ұлттық ғылым академиясының президенті Лим Тит Мэн өз кезегінде делегация атынан құттықтау сөз сөйлеп, академияның жетістіктеріне тоқталды. Сингапур Ұлттық ғылым академиясы (SNAS) 1967 жылы құрылған. Ол елдің жетекші ғылыми қоғамдарын біріктіреді. Академия ғылым мен технологияны дамытуға, ғылыми ынтымақтастықты қолдауға және жаратылыстану ғылымдарындағы жетістіктерді мойындауға ықпал ететінін атап өтті. Сонымен қатар академия президенті ҚазҰУ-мен одан әрі ынтымақтастықты нығайтуға деген қызығушылығын білдірді.

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті мен Алматы балалар ғылыми мұражайы арасындағы сындарлы кездесудің қорытындысы бойынша ғылыми ағарту және STEM-бағыттарды жастар мен балалар арасында танымал ету саласындағы стратегиялық әріптестік туралы уағдаластыққа қол жеткізілді. Аталған ынтымақтастық ғылым, білім және мәдениет үшін жаңа қадам болмақ және болашақ ұрпақтың ғылыми әлеуетін дамытуға маңызды үлес қосады.

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі