Айқын

17 ақпан, 2016

Қазақтың Қазыбаевы қандай адам?

Қазақтың Қазыбаевы қандай адам? ҚазҰУ-да белгілі қоғам қайраткері, жазушы-журналист Кәкімжан Қазыбаевтың өмірінен сыр шертетін «Өнегелі өмір» сериясымен жарық көрген кітаптың тұсаукесер рәсімі өтті.

«Қазақ университеті» баспа үйінен шыққан 64-шығарылым «Өмір дегенің өр жартас», «Замандастар шерткен сыр», «Інілер ілтипаты», «Сағыныш деген қандай-ды» атты 4 бөлімнен тұрады.

Кәкімжан Қазыбаевтың замандастары айтпақшы, «Өмірдің өзіндей қарапайым жанның»өмірін өзек еткен кітап қалың оқырман қауымға арналған. Бұл кітапта қазақ журналистикасына өлшеусіз үлес қосып, қарапайым тілшіден Қазақстан Компартиясы ОК хатшысы қызметіне дейін көтерілген Кәкімжан Қазыбаевтың қоғамдық қызметін сипаттайтын мақалалар, мұрағат құжаттары, фотосуреттер, замандастарының, әріптестерінің, шәкірттері мен отбасы мүшелерінің ыстық-лебізге толы естеліктері топтастырылған.

ҚазҰУ-дың ректоры, академик Ғалым Мұтанов тұсаукесер рәсімінде: «Жақсы кітап – жарты қазына. Олай болса, Кәкімжан Қазыбаев сынды тұлғадан қалған асыл мұрадан артық қазына болмас деп ойлаймын. Бүгін тұсауы кесіліп отырған кітаптан Кәкімжан Қазыбаевтың бұған дейін баспа беттерін көрмеген тың туындыларын оқи аласыздар. Ал Кәкімжан Қазыбаев жайында жазылған естеліктердің, эсселердің астарында талай ашылмаған аралдар жатқан сияқты. Кітап сонысымен де құнды әрі қызықты», – деп атап өтті.

Салтанатты жиынға Қазақстан Жазушылар одағы төрағасының орынбасары Жанарбек Әшімжан, мемлекет және қоғам қайраткері Бижамал Рамазанова мен Шәмша Беркімбаева, республикалық басылмдардың бас редакторлары, Кәкімжан Қазыбаевтың өмірі мен шығармашылығы, қызметі жайында қалам тербеген белгілі журналистер мен қаламгерлер және Қазыбаевтар әулеті қатысты.

Сөз кезегі Кәкімжан Қазыбаевтың жары, ұлағатты ұстаз Орынша Қарабалинаға келгенде Орынша апай өнегелі өмір парақтарына саяхат жасап, тағылымды жанмен қосақталған тағдырының жылы естеліктерімен бөлісті. Сөз соңында көрнекті қоғам қайраткерінің жары барша жиналған қауымға алғысын білдірді.