ҚазҰУ Медицина мамандығы бойынша 3-курс студенттерінің дағдыларын бағалау үшін тәжірибелі дәрігерлерді белсенді түрде тартуда.Farabi University

ҚазҰУ Медицина мамандығы бойынша 3-курс студенттерінің дағдыларын бағалау үшін тәжірибелі дәрігерлерді белсенді түрде тартуда.

25 маусым, 2025

Денсаулық сақтау саласының мамандарына болашақ дәрігерлердің дайындық деңгейіне көз жеткізіп, оқу үдерісін одан әрі тиімді әрі тәжірибеге жақын ету мақсатында өздерінің кәсіби ұсыныстары мен кеңестерімен бөлісуге мүмкіндік бар.

Осылайша, 2025 жылғы 24-25 маусым күндері әл-Фараби атындағы ҚазҰУ медицина және денсаулық сақтау факультетінің базасында ағылшын тілінде білім алатын 3-курс студенттері үшін объективті құрылымдалған клиникалық емтихан (OSCE) өткізілді. Емтиханды ұйымдастыруды медицина ғылымдарының докторы, профессор Гаухар Медеубайқызы Құрманова басқарды.

Емтихан комиссиясының құрамына практикалық денсаулық сақтау саласының өкілдері кірді. Солардың бірі — Алматы қаласындағы №1 Қалалық клиникалық аурухананың №3 пульмонология бөлімінің міндетін атқарушы меңгерушісі Текен Ақбаян Насрединқызы. Ол медициналық тәжірибені оқытушылық қызметпен ұштастырып, жас мамандарды даярлау ісіне белсенді атсалысып келеді. Емтихан аясында Ақбаян Насрединқызы студенттердің «Респираторлық симптомдары бар пациентті физикальды тексеру» тақырыбы бойынша практикалық дағдыларын бағалады.

Сондай-ақ емтиханға Алматы қаласы Қоғамдық денсаулық басқармасына қарасты №5 қалалық емхананың жалпы тәжірибелі дәрігері Мохаммед Ноннах қатысты.

№1 Қалалық клиникалық аурухана мен №5 қалалық емхана — әл-Фараби атындағы ҚазҰУ медицина және денсаулық сақтау факультетінің ресми клиникалық базалары болып табылады.

Университет пен медициналық ұйымдар арасындағы осындай тығыз байланыс Қазақстан Республикасы денсаулық сақтау жүйесі үшін білікті кадрларды даярлаудың берік негізін қалыптастыруға ықпал етеді.