Айқын

17 ақпан, 2016

Қазақтың қайсар қызы Зәмзәгүл Файзолланова ережесіз жекпе-жекте бақ сынап жүр

Айқын 17.02.2016

Міне, осынау балуандық пен ережесіз жекпе-жек сынды ұлы өнерді жанына серік етіп, көк туымызды әлемдік ареналарда абыроймен қорғап жүрген білекті қыздардың бірі – әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-нің «Биология және биотехнология» факультетінің магистранты Зәмзәгүл Файзолланова.

Зәмзәгүл Файзоллақызы 1992 жылдың 10 маусымында Шығыс Қазақстан облы­сының Зайсан ауданында дүниеге келді. Спортқа жаны құмар ол 13 жасынан Орталық әскерилер спорт клубында Валентина Камсуллева мен Хихматулла Холеков сынды білікті бапкерлерден тәлім-тәрбие алып, дзюдо күресінің қыр-сырына қанықты. Ерен еңбек пен төккен тер жылдар өте өз жемісін берді. 2007 жылы өзінің алғашқы ең ірі жарысы – қыздар арасындағы ел біріншілігінде күміс медальді мойнына ілді. Осы табысының арқасында Ресейдің Тверь қаласында өтетін халықаралық турнирге жолдама алады. Сол жарыстың алғашқы белдесуінде Зәмзәгүл 59 секундта ойсырай ұтылып, бұл сапардан көңілі нілдей бұзылып қайтады. Десек те алдына үлкен мақсат қойған қыз өз қателіктерінен жақсы сабақ алып, одан кейінгі кезең­дерде жаттығуын үдете түседі.
Арада екі жыл өткен соң 17 жастағы бойжеткен әйелдер арасында Қараған­дыда өткен Қазақстан чемпионатында бақ сынауға бел буды. Осы жарыстағы ең жас қатысушы екеніне қарамастан, Файзоллаева қарсыластарының барлы­ғын қоғадай жапырып, алтыннан алқа тағынды. Содан кейін ұлттық құрама сапына қабылданып, Тай елінің Бангкок қаласында өткен Азия чемпионатына қатысады. Бұл сапардан ол қола жүлдемен оралады.
2014 жылдан бері төл спортымыз Қазақ күресінен қыздар арасында ел чемпионаты үздіксіз ұйымдастырылып келеді. Сол жарыстарда да Зәмзәгүл қарсылас шыдатпай, қатарынан үш жыл бойы бас жүлдені олжалауда. Осылайша, ол бұл күндері дзюдо мен қазақ күресінен спорт шебері атанып отыр.
«Тектіден текті туады,тектілік тұқым қуады» дейді дана халқымыз. Осынау бір сүбелі сөзіміз Зәмзәгүлге қаратып айтыл­ған іспетті. Өйткені қайсар қызды балауса шағынан спортқа баулыған өзінің әкесі еді. Нар тұлғалы Файзолла Қой­шыаманов ағамыз да кезінде жақсы күресіп, ел ықыласына бөленген. Ол да дзюдо мен қазақ күресінен спорт шебері атанып, талай дүбірлі додаларға жүлде алған.
Зәмзәгүл Файзолланова 2015 жылдың қараша айынан бастап «Астана-Патриот» спорт клубымен келісім-шартқа отырып, ережесіз жекпе-жектен ел аумағында өтіп тұратын түрлі жарыстарда бақ сынауда. Бұл ретте де Алмат Тәжібаев жаттықты­ратын спортшының алғашқы қадамы сәтті болып, айналдырған екі-үш ай аралығында ол Қырғызстан, Өзбекстан және Грузия спортшыларын айқын ба­сымдылықпен ұтып, көпшілік назарына ілікті.
Зәмзәгүлдің жекпе-жектерін әлеумет­тік желілер арқылы көрген халық қазақ қызының асқан шеберлігі мен қайсар­лығына таң қалып, таңдай қағуда. Бұл жарыстарды тамашалаған ережесіз жекпе-жектің майталманы, Қытайда тұратын Мұрат есімді қандасымыз, өз қарындасына алдағы кездесулерін Қытайда өткізу жайында ұсыныс білдірді. Ендігі мақсат – Қытай елінде болатын жарыстарда жеңіске жету.
Ережесіз жекпе-жектегі Зәмзәгүлдің лақап аты – «Бопай». Бопай –қазақтың соңғы ханы Кенесарының батыр қарын­дасы. Сол есімге лайық болу үшін қайсар қыздың еш аянып қалмайтыны анық.