ЮНЕСКО Алматы қаласындағы кластерлік бюросының өкілдері ҚазҰУ-да болды
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-да университет басшылығы мен ЮНЕСКО-ның Алматы қаласындағы кластерлік бюросы директорының қызметін атқарушы Андрей Шевелевтің кездесуі өтті.
А.Шевелев мырза алдымен ҚазҰУ мұражайын аралап, университеттің тарихымен және жетістіктерімен танысты.
Кездесуді ашқан әл-Фараби атындағы ҚазҰУ ректоры Ғалым Мұтанов бүгінгі таңда университет пен ЮНЕСКО арасында тығыз қарым-қатынас орнап, жемісті жұмыстар атқарылып жатқандығын атап өтті. «Университетіміздің алға қойған мақсаты, бастамалары мен даму стратегиясы ЮНЕСКО тарапынан үнемі қолдауға ие болып келеді. Бұл біз үшін үлкен мәртебе әрі зор жауапкершілік», – деді ол. Сонымен қатар ол университетте ЮНЕСКО, халықаралық журналистика және қоғаммен байланыс кафедрасының 20 жылға жуық жұмыс істеп келе жатқандығын айтты.
Кездесу барысында басты үш мәселе – биоэтика, журналистика және тұрақты даму бойынша білім беру бағытына баса назар аударылды.
«Білім қолжетімді болмаған жағдайда оқымаған адамдардың экстремистер мен лаңкестердің қатарын молайта түсу қаупі артады. Сондықтан да біз білімнің, оның ішінде жоғары сапалы білімнің маңыздылығын жете түсінеміз», – деді Андрей Шевелев.
ЮНЕСКО кластерлік бюросының білім саласы бойынша маманы Айгүл Халафова: «Соңғы 15 жылдың ішінде, дәлірек айтқанда, 2000 жылдан 2015 жылға дейінгі білім беру жүйесіндегі даму мен кемшіліктер бейнеленген ЮНЕСКО-ның статистикалық мәліметтері бойынша, Қазақстанның жеткен жетістіктері көз қуантады. Оған сіздердің университеттеріңіздің сіңірген еңбегі зор. ҚазҰУ – заманға сай түрлі салада кәсіби мамандар дайындайтын іргелі оқу орны», – деп пікір білдірді.
Сондай-ақ кездесуде БҰҰ-ның тұрақты даму бойынша жаһандық хабы болып табылатын ҚазҰУ мен БҰҰ, ЮНЕСКО сынды белді халықаралық ұйымдар бірлесіп жүзеге асыратын маңызды шаралар да қозғалды. Атап өтсек, лаңкестік пен діни экстремизмге қарсы күрес бойынша халықаралық конференция ұйымдастыру, Алматы қаласынан бастау алатын халықаралық «Бейбітшілік және келісім маршын» өткізу және «Невада Семей» халықаралық антиядролық қозғалыс президенті Олжас Сүлейменовтің 80 жылдық мерейтойына атсалысу сынды мәселелер қаралды.
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың
Баспасөз қызметі
Тел: 8(727) 377 31 48/49